Күні кеше республикалық «Үздік педагог-2023» байқауы мәресіне жетті. Сайысқа қатысқан мыңға жуық үміткердің ішінен 64 ұстаз үздік атанды. Олардың қатарында Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімі Махаббат Балтабекова да бар.

Екібастұздық Махаббат Балтабекова – тарих пәнінің мұғалімі. Оның мұндай мәртебелі мамандықты таңдауына мектептегі ұстаздары себеп болған.

Махаббат Балтабекова, ҚР үздік ұстазы:

Абай, Мұхтар, Шәкәрім аталарымыздың туған жерінде дүниеге келгенмін. Медеу ауылында орта мектепті «алтын белгімен» бітіргенмін. Сол кездегі ұстаздарымыздың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Сол ұстаздарымыз берген біліммен, сол ұстаздарымыздың жолымен жүріп келе жатырмыз. Сол ұстаздарға қарап бой түзедік. Сол ұстаздық мамандықты таңдауға себепші болды деп ойлаймын

Тәжірибелі ұстаз республикалық сайысқа 3-жыл қатарынан қатысып отыр. Биыл сайыста жеңіске жетіп, Оқу-ағарту министрінің марапатына ие болды. Айтуынша, жетістігінің басты кілті – оқушыларды тек білімге емес, адамгершілік қасиеттерге де баулуы.

Махаббат Балтабекова, ҚР үздік ұстазы:

Ең бастысы – адамгершілік. Адам болып қалыптасу керек балалар. Білім өз алдына, дегенмен, ең бастысы – толық адам, кемел адам болу кенрек. Қайырымдылық, адамгершілік, мейірімділік – әрдайым әлемді құтқратын, бірінші орында тұратын, бала бойынан табылуы керек қасиеттер деп ойлаймын. Әрине, бірге білімге деген, үнемі ізденісте болуға деген қасиеттер қажет.

Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында барлығы 624 педагог үздік атанған. Олардың ішінде 36-сы – Павлодардық мұғалімдер.

Жұлдыз Қабылденова