Оқушыларға сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады. Бұл бастаманың өзіндік себебі бар. Жалпы, смарфонның зияны қандай? Салдары неге әкелуі мүмкін? Тілшіміз зерледеп көрді.
Смартфонға телміріп, жатса-тұрса телефонын жанынан тастамайтындар қатары күннен-күнге артып келеді. Жастың да, жасамыстың да ғаламторға шұқшиып отырғанын кез келген қоғамдық орындардан көруге болады. Ал жастардың, оның ішінде оқушылардың телефонға телміруі зияндылығынан бөлек, баланың білім алуға деген ынтасын жоятының бірі білсе, бірі білмейді.
ЖАННА НАСИЕВА, №1 ЖОББМ ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГЫ
Қазіргі күні ұялы телефондар адам өмірін біршама жеңілдеткенімен, алайда оқушылар үшін зияны жоқ емес екені бәрімізге мәлім. Қазіргі таңда оқушылардың бұрынғыға қарағанда ойлау қабілеттері, танымдары алдағы қарай шапшаң дамып кеткенін біле тұрсақта, алайда оның кері әсері бар. Жасанды жолмен дамыған интелект ерте ме, кеш пе өзінің белгілі бір салдарын көрсетеді. Олай айтқан себебім қазіргі оқушылардың бойынан тынымсыздық, мазасыздық, агрессияны байқауға болады
Таяуда халық қалаулылары сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салу мәселесін көтерген еді. Әрине, телефонды қолына алған бала тапсырманы орындай отырып, қажетсіз желілер мен сайттарға кіріп кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне тапсырманың жауабын, шешімін кейбір ашық дереккөздерден жүктеп, көшіре салатын жағдайлар да болады. Мұндайда оқушының ойланбайтыны анық.
Смартфоннан электромагниттік өрістер бөлінеді. Мұның салдары түрлі ауруларға әкеп соғады дейді дәрігер маманы.
Сананы жаулап, виртуалды әлемде қалықтаған баланың сабақпен ісі болмайтыны рас. Бұдан кейін оқушының ата-ана мен ұстазын тыңдай қоюы да екіталай. Сондықтан ұл-қызымыз телефонның зардаптарын тартпай тұрып, қазірден шектеу қажет дейді қоғам өкілдері.
Қымбат Садық