Сондай-ақ, Республика күні қарсаңында өңірімізде игі істер легі де жалғасуда. Май ауданында қуанышты жаңалықтар көп. Аудандық аурухана автопаркі жаңа медициналық көліктермен толықты. Үш бірдей санитарлық автокөліктің кілті медицина қызметкерлеріне салтанатты түрде табысталды.
Жаңа көліктер шалғай ауыл тұрғындарына сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Енді Баскөл, Қаратерек және Ақшиман сияқты алыс елді мекендердің тұрғындары дәрігер көмегін уақытылы алады. Бүгінде Май аудандық ауруханасының автопаркі толық жаңартылды. Әрбір дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункт өз көлігімен қамтамасыз етілді.
Алшынбек Ахтанов, Май аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы
Қазір бізде ескі уазиктер мен «буханка» секілді көліктер мүлде қалған жоқ. Соңғы үш жылда, яғни 2023, 2024 және биыл да жаңа санитарлық машиналар алдық. Осы жолы да үш бірдей заманауи көлік табысталды. Жақын күндері тағы да «Газель NEXT» маркалы машинаны күтіп отырмыз. Бұл көлік – аса ауыр науқастарды Ақсу мен Павлодар қалаларына жедел жеткізуге ыңғайлы. Жолда жүру кезінде науқастың жайлылығын қамтамасыз етеді. Осындай қамқорлық үшін облыс әкімдігіне үлкен алғысымызды білдіреміз.
Бұған дейін шалғай ауылдарда автокөлік тапшылығы болды. Қазір бұл мәселе толығымен шешілді. Барлық көліктер жаңартылып, ауданның медициналық қызметі жаңа деңгейге көтерілді.
Сабина Жолдаспаева