Ел тарихын дәріптеу, ұлт бірлігін нығайту және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру мақсатында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде әдеби-сазды кеш өтті. Алдағы бейнематериалға зер салайық.

Республика күні – ел еркіндігін, халықтың бірлігін, ұлттың өз тағдырын өзі айқындауға деген жігерін білдіретін маңызды мереке. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы болды. Бұл күн – халқымыздың ғасырлар бойғы арманының айғағы еді.

Еркеғали Жанғазы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі

Демократия болғаннан кейін қоғам биліктің заңдарды дұрыс ұстануына ықпал етуге мүмкіндік алып отыр. Ол үшін қоғам белсенді болу керек, өйткені ел, мемлекет біздікі. Егемендікпен қатар тәуелсіздігіміз бар. Сондықтан сыртқы саясатпен қатар ішкі саясатымыз дұрыс болу үшін мемлекеттік билікпен қоғам арасында үйлесім болу керек. Сондықтан егемендігіміз баянды болсын

Республика деген ұғым тек саяси мәртебе емес, ол – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Мұны музейде өткен шараға қатысушылар айтты. Сондай-ақ, «Жастар рухы» ұйымының жастары да тамашалады.

Абзал Рымбек, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің басшысы

Республика деген ұғым өзінің шекарасы бар, бекітілген мемлекеттік тілі бар, діні, халқы бар, тұтастықтағы республика деп түсінемін. Әрине бұл 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларациядан бастап міне, сол құжат бойынша тойлап жатқан мерекеміздің бірі. Кішігірім жиын болсада, мұны атап өтуіміз тиіс

Мерекелік әдеби сазды кеш терең ой мен рухани әсер қалдырды. Қатысушылар Республика күні – еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және бірлігін айшықтайтын ерекше мереке екенін атап өтті.

Қымбат Садық