Республика күні қарсаңында дарынды жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Кәсіп жұлдызы» байқауларының жеңімпаздары анықталды. Үздіктер тек марапат қана емес, өз жобалары мен идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік алды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында ерекше жиын өтті. Мұнда Павлодар облысының дамуына үлес қосқан белсенді жастар бас қосты. Олар – мәдениет пен спорт, бизнес пен инновация, журналистика мен білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар. Биыл олардың еңбегі ерекше аталды. Шара еркін форматта өтті. Қонақтар арасында танымал тұлғалар мен кәсіпкерлер болды. Облыс әкімі Асайын Байханов жиынға қатысып, жастардың еңбектерін ерекше атап өтті.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Өздеріңіздің жетістіктеріңіз ненің арқасы деп ойлайсыздар? Әрине, оның бәрі бірінші кезекте өздеріңіздің арқаңызда. Ол өз ұйқыларыңызды төрт бөліп, таңғы асыңызды жеуді қойып, жоқ дегенде бір сағатқа ерте тұрып, бір сағатқа кеш жатып, талмай жұмыс істегеннің арқасы. Өйткені, қандай да жетістік болса да оның артында тұрған еңбек, қуат, қайрат. Сондықтан, сіздердің сол еңбектеріңіз бізге де, біздің жастарға да үлкен үлгі болып жүр.

Бұдан кейін «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» премиясының иегерлері марапатталды. Биыл сыйлық 10 аталым бойынша табысталды. Сонымен қатар, «Кәсіп жұлдызы» байқауының жеңімпаздары да анықталды.

Жаннұр Ахметжанова, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы

Мемлекет басшысы да жолдауына айтып өтті. Жастар әсіресе, еңбекқор жастардың қолында - біздің болашағымыз. Сондықтан, жастар мен болашақ тепе-тең. Жастар болашақ алға ұмтылыс арнаған бағыттардың бірі. Сондықтан облысымазда, елімізді жігерлі де талапты жастар көп болсын. Дами берсін. Ол үшін бүгінгі жағдайда барлық жағдайлар жаслып жатыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жеңімпаздарына арнайы 500 мың көлемінде сыйақы берілді. Ал, «Кәсіп жұлдызы» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздарға смарт теледидарлар сыйақыға беріледі.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында 20 жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында «Бизнес» аталымында үздік деп танылған жас кәсіпкер Индира Садвақасова бар. Ол өз сыйақысын қалай жұмсайтынын айтты.

Индира Садуақасова, «Тәуелсіздік ұрпақтары - 2025» лауреаты

Біз экологиялық таза қаптамада үйге арналған жартылай фабрикаттар өндіреміз. Толық циклмен жұмыс істейтін, қалдықсыз өндірісіміз бар. Бұл марапат – мен үшін де, командам үшін де үлкен жетістік. Мен бұл сыйақыны қасиетті сапарға – Умраға баруға жұмсамақпын. Алдағы жылы, Ораза айында осы арманымды орындағым келеді.

Ал, «Кәсіп жұлдызы» байқауында 5 жеңімпаз анықталды.Олардың қатарында Ақсу қаласының Евгеньевка ауылында еңбек етіп жүрген жас маман Мәди Сәрсембаев бар.

Мәди Сәрсембаев, «Кәсіп жұлдызы - 2025» лауреаты

Бұл салада алты жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында қиын болды, қазір тәжірибе жинақтап, өз ісімді жақсы көремін. Ауылда өмір сүру – мен үшін табиғи орта. Өсімдіктермен жұмыс істеу жаныма жақын. Сондықтан өз мамандығымды мақтан етемін.

Кеш соңында облыс әкімі жас жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Ол ел игілігі үшін еңбек ету керектігін атап өтті. Жеңімпаз жастар – бүгіннің мақтанышы, ертеңнің болашағы.

Сабина Жолдаспаева