Биыл алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған пән олимпиадасы ұйымдастырылған болатын. Білім бәсекесінде бақ сынаған павлодарлық оқушы сайыстан жүлделі оралды. Толығырақ – келесі сюжетте.

Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған алғашқы пән олимпиадасы мәресіне жетті. Білімділер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса оқушы қатысқан. Павлодар облысының намысын 10 шәкірт қорғады. Олардың қатарында Максим Комаров та бар. Ол биология пәні бойынша үздік нәтиже көрсетті.

МАКСИМ КОМАРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ №40 ЖОББМ 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

Мен бұл олимпиаданың жеңімпазы атандым. Сондай-ақ биология пәні бойынша барлық қатысушылар арасында ең жоғары ұпай жинадым, бастысы – олимпиаданың ақтық кезеңіне қатысу құқығына ие болдым. Онда біз Назарбаев Зияткерлік мектебі, түрлі лицейлермен тең дәрежеде бақ сынаймыз

Максим Комаров облыс орталығындағы Жоғары Оқу Орындарының бірінде оқу грантына ие болды. Өзі болашақта химия пен биология пәндерінің мұғалімі болып, шәкірттерін олимпиадаларға дайындауды мақсат етеді. Оған өз ұстазы себеп болған.

ОЛЬГА НҰРКЕНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ №40 ЖОББМ БИОЛОГИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

Мен Максимге 9-сыныпта оқып жүргенде биология пәнінен олимпиадаға қатысуды ұсынғанмын, ол бірден келісті. Жалпы, ол – зерек бала. Оған көрсеткен, айтқан нәрселерімді тез үйренеді. Сонымен бірге, өзі қосымша ақпарат іздеп, маған көрсетеді, дайындық барысында профессорлар да көмектеседі. Мәселен, максим Наталья Тарасовскаямен жұмыс істеді

Осылайша екі жылда Максим Комаров қалалық, облыстық және республикалық білім сайыстарының бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Естеріңізге сала кетейік, ауыл оқушыларына арналған олимпиада жеңімпаздары наурыз айында өтетін республикалық зияткерлік сайыстың соңғы кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, жазда Қазақстан алғаш рет халықаралық биология пәні бойынша олимпиада қатысушыларын қабылдайды. Максим Комаровтың да олардың қатарынан табылуына толық мүмкіндігі бар.

Жұлдыз Қабылденова, Дария Жұмабекова