Павлодар ауданының ірі ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің кейбірі кәсіптік бағдар беру бойынша дөңгелек үстел өткізді. Кәсіпкерлер түлектерге жас мамандарға қандай мүмкіндіктер беретінін айтып берді.

Павлодар ауданы әкімі, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары ерекше жиын өткізді. Бұл жолғы кездесу бейресми түрде өтті. Одна аудан ауыл шаруашылығының дамуы мен жас мамандардың мүмкіндіктері жайы сөз етілді.

НИКОЛАЙ ДЫЧКО, ПАВЛОДАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

«Бүгін біздің жиынға ұзақ жыл бойы ауыл шаруашылығы қызметінде еңбек етіп жүрген азаматтар келді. Бүгінде Павлодар ауданы ауыл шаруашылығының дамуы әлемдік стандартқа сай. Жұмыстарда тек ең қымбат, жоғары өнімді, заманауи техника қолданылуда. Енді бұл игіліктермен жұмыс істейтін жаңа идеялары мен көзқарасы бар жас мамандар қажет»

Кездесуге ауданның барлық мектебінің түлектері қатысты. Бұндағы мақсат - жастарға мамандықты таңдауда және болашақта ауыл шаруашылығы саласына табысты жұмысқа орналасуға көмектесу.

МҮБАРАК ҒЫЛЫМЕНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 «Бізге жас мамандар қажет. Неге десеңіздер алдыңғы буын зейнетке кетіп жатыр. Уақыт барда білікті мамандардан тәжірибе алып үлгерсін деген ниет. Біздегі орташа жалақы 200 мың теңге. Бұдан бөлек қосымша сыйақы да беріледі. Қызметкерлерімізге үй ұсынамыз. Кейде тіпті баспана алуға қол ұшымызды беріп те жатамыз»

Ауылдағы жұмысқа Үкімет те көп көңіл бөледі. Жастарға білім гранттары бөлініп, алғашқы кәсіпкерлік жобасын ашуға үлкен қолдау көрсетіледі. Диалог алаңында кәсіпкерлер түлектердің бірнеше сұрағына жауап берді. Қызығушылық танытқандардың бірі - Батырхан Буранбай. Жеткіншек болашақта елордадағы аграрлық университетке түсуді жоспарлап отыр. Жас өрен ауыл шаруашылығы саласына көптен бері қызығатынын айтады. Бұл махабатты бойына әкесі сіңірген.

Өткен жылы Павлодар ауданы ауылдарында кәсіпкерлер 733 жаңа жұмыс орнын құрған. Мамандар бұл көрсеткіш артып келетіндігін, дегенмен жас кәсіби кадрлардың тапшылығы бар екендігін айтты.