22-ақпан, ақын халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Арман Қанидың туғанына 70 жыл толды. Осыған орай облыстық архивте ақынның өмірі мен еңбек жолына арналған көрме өтті. Оған мектеп оқушылары қатысты.

Қазақ поэзиясында өзіне тән өр қолтаңбасы бар қаламгер саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады. Облыстық архивте Арман Қанидың жеке тектік қоры бар. Көрмеде оның сол қорда сақталған құжаттары, алғыс хаттары, фотосуреттері қойылды. Еске алу кешіне өзі оқыған мектептің, қазіргі №3 гимназия интернатының оқушылары қатысты.

Күрескер ақын, қоғам қайраткері, алаш ардақтысы Арман Қани ұлт поэзиясына толағай үлес қосқан қаламгер. Ақынның бойындағы тулаған ғаламат талант, өр мінез қанмен келген қасиет. Өйткені ол аттыдан жаяу жүріп кек алған Жаяу Мұсаның жиені, Мәдидің ұрпағы. Тілі мен жерін шексіз сүйіп өткен ыстық жүректің иесі ұлт құндылықтарын дамытуға жанын сала еңбек етті.

Қара сөздің құдіретін асқақтатқан ақиық ақынның шығармашылығы қазақ үшін баға жетпес байлық. Шығармашылығымен дара жол қалыптастырған тума дарынның жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталмақ!

Қымбат Садық