Су құбырының қатуына байланысты Екібастұз және Майқайыңда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал, тұрғындарға су төмен қысыммен берілуде. Құбырдың қатып қалған аумақтары әр түрлі әдістермен жылытылуда.

23 ақпанда Баянауыл ауданының әкімдігі ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында Майқайың кентінің аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Апат болған аумақта жұмыстар жалғасуда. Оған 119 адам және 48 мамандандырылған техника жұмылдырылған. Мамандар әр аумақта қату және будың болуы бойынша тексеріс жүргізуде. Қатып қалаған аумақтар бу генераторларымен және көмір, ағашпен де жылытылуда.

Ал, тұрғындарға су төмен қысымда берілуде. Тәулігіне орташа тұтыну көлемі 250 текше метр. Резервуарларда тұрақты түрде тәуліктік су қоры бар. Тұрақты түрде толтырылуда. Бұл жұмыстарға 10 техника жұмылдырылған.

Жанасыл Серікбол