Май аудандық Малайсары атындағы білім ордасында заман талабына сай физика, химия, биология кабинеттері ашылды. Ондағы жаңашылдық пен ерекшелік қандай? Толығырақ әріптесім Қымбат Садық тарқатады.

Малайсары жалпы орта білім беру мектебінде 123 оқушы білім алады, 25 мұғалім қызмет етеді. Білім ордасында «Мектепке тағзым» бағдарламасы аясында заманауи үлгідегі 8 кабинет бар. Ал, жаңадан ашылған химия, физика, биология кабинеттерінің ашылуына ауыл жанашыры, мектеп түлегі демеушілік еткен.

АНАР ЖЕТЫБАЕВА, МАЛАЙСАРЫ ЖОББМ ДИРЕКТОРЫ

Бұл кабинет жаңа мотивикациялық, заманауи кабинет. Ең бастысы бұл баланың біліміне ықпал тигізетіні сөзсіз. Бұл кабинеттерде пәндердің оқытылуымен қатар, цифрлық құзыреттіліктерді дамытады, өзіміздің, көп жылдар бойы осы Малайсары мектебінде еңбек еткен, математика пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Күләш Нұрлыбекованың ұрпақтары сыйға тартып отыр.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ТІЛШІ

Күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттің бірі физика кабинеті. Мұнда оқушылар түрлі зерттеу жұмыстарын жасай алады. Мәселен, менің алдымда тұрған бұл – баламалы энергия көздері деп аталады. Мұнда жел генераторы мен күн панелі орналасқан.

Қазіргі уақытта оқушыны жан-жақты дамытуда түрлі жобалар іске асып келеді. Мұндай кабинеттердің ашылуы да оқушы қызығушылықтарын, қабілеттерін арттырады.

АРДАҚ ҚОЙЛЫБАЕВА, МАЛАЙСАРЫ ЖОББМ БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ

Заманауи технологиямен жабдықталған биология кабинетінде ең бастысы рокед тақтасы. Мұнда мүмкіндіктер өте көп. Яғни, балалар кез келген тақырып бойынша алынған макетті, жабдықтарды бөліп, жинақтап, ол туралы толық мағлұмат алады әрі қызықты болады. Обьектіні мысалы олар бөліп тастайды, қайта жинақтайды, тапсырмалар, тест орындауға болады.

МЕРУЕРТ СОЛДАТ, МАЛАЙСАРЫ ЖОББМ 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

Бұл кабинеттер бізге көп мүмкіндік береді. Жаңа кабинет, жаңа мүмкіндік. Оқушылардың дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттырып, тың идеялар мен көптеген жетістіктерге жетуімізге жол ашады.

Жаңа технологиямен жабдықталған кабинет оқушылардың цифрлы технологияның тілін жетік меңгеріп, инженерлік-технология бағытында ғылыми-зерттеумен айналысуларына жол ашпақ. Болашақта білім ордасында мұндай кабинеттердің саны тек көбейе түспек.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙИК, ЕА, МАЙ АУДАНЫНАН