Белгілі театр режиссері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тәпеновтың туғанына биыл 80 жыл. Сол себепті, облыстық театрдың кіші залына оның есімі берілді. Ертіс-Баян өңірі мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан режиссерді туыстары, әріптестері, шәкірттері еске алды.
Ерсайын Тәпенов Театрдың негізін қалап қана қоймай бүкіл өмірін, өнерін осы театр жолына арнаған жан. Ол еңбекқор режиссер, сахнада ғұмыр кешкен саңлақ, нағыз өнер иесі еді.
Медет Тауасқан, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
Ерсайын ағамызды бәріміз студент кезімізде таныдық, елдің ортасында жүрген кезде көрдік. Театрдың әрбір ашылу маусымы «Айман-Шолпанмен» басталатын. Сонау ауылдан немесе аймақтардан студенттерді алып келіп, осы жерге тоғыстырып, театр өнерінің биік деңгейін паш етіп бізге көрсете білді. Соның арқасында тетатрға деген махаббатымыз оянды деп ойлаймын.
Ерсайын Қандержанұлы әке орынына әке болып, қарапайым болмысымен отбасына шапағатын тигізген.Қарындасы оның кең пейілді, парасатты азамат болғанын сағына еске алады.
Мәрия Тәпенова, Е.Тәпеновтың қарындасы
Өте қарапайым, талантты болды. Мамам айтатын кішкентай кезінде шымылдықты жауып, сахна жасайтын деп. Сол жылдары өзі барып Москваға түсті, оны тіпті кісілер білмейтін, әке-шешемізде барма деп қорқып отыратын. Соған қарамай оқу оқып келді. Сол бәрімізді көтерген, бәрімізге білім берген сол кісі.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық театр негізін қалаушы Ерсайын Тәпенов қиын кездерге қарамастан,театрдың кәсіби жетілуі жолында бар тәжірибесін сарп етті. Шараға жиналған жұрттың, әріптестерінің естеліктері осындай ойды түйіндейді. Аймақтағы театрды аяғынан тік тұрғызып, кәсіби деңгейге көтеру үшін режиссерлықтан бөлек, бойында көптеген игі қасиет болған.
Ақық Таспаева, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театрының әртісі
Мысалы, мен Солтүстік Қазақстан облысының қызымын. Сонда елге Ғабит ағамыздың 90 жылдығына бардық.Ерсайын аға маған еліне бара жатыр ғой, еліңде көрінсін деп «Қыз Жібек» қойылымнан үзінді, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлуда» Күнекейді ойнатқызатын. Сөйтіп, әрбір актриса еліне кетіп бара жатқанда солай рөл беретін, сондай бір керемет жақсы қасиеттері болатын ол кісінің.
Руслан Нығман, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театрының әртісі
Егерде бүгінле көрермен есімімді біліп, актер екен деп жатса, оның бәрі тікелей Ерсайын ағаның тәлім-тәрбиесінің арқасында деп білемін. Ол кісінің жалпы қазақ театр тарихында өзіндік ұлы педагог-режиссер ретінде өз мөрін басқан ағамыз ретінде қалатын болады.
Биыл Ерсайын Тәпенов – 80 жасқа толар еді. Ал облыстық театрдың ашылғанына 35 жыл болады. Сол себепті қара шаңырақтың кіші залына режиссер есімінің берілуі құрметтің ғана емес, сағыныштың да белгісі екені анық.
Қымбат Садық