Өнерге жақын оқушыларды қолдап, шығармашылық қабілетін шыңдайтын «Ақберен» өнер байқауының облыстық кезеңі өтті. 8-11 сынып оқушыларына арналған дәстүрлі сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген талапты жастар қатысты. Байқауды Павлодар облысы білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
«Ақберен» Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын өткізетін шығармашылық байқау. Өнер сайысының мақсаты оқушыларды гуманитарлық бағытқа бейімдеу. Өлең жазу қабілетін дамытып, ақындық және шығармашылық талантты айқындау. Байқау 6 бағыт бойынша өтті.
Дәмелі Саламбекова, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру орталығының бөлім меңгерушісі
Байқаулардың бағытына келсек, біріншісі бұл шешендік өнер бағыты, ұлттық аспап ойнау, эссе жазу, көркем сөз оқу, мүшайра және ақындар сайысы бағыттары бойынша өтеді. Әр бағытқа 6 оқушы келу керек. Алайда, әр бағытта оқушылардың саны әр түрлі болды. Мысалы, ақындар айтысына аз бала қатысты. Осы бағытты біз дамытамыз әлі. Ал эссе жазу бағытына 23 оқушы қатысты. Көркем сөз, ұлттық аспап ойнау секілді бағыттарына көп бала қатысты.
Биыл облыстық кезеңге 9 аудан, 3 қала және 12 мамандандырылған мектептен барлығы 93 оқушы қатысты. Олардың қатарында алғаш рет бақ сынағандар, жыл сайын тәжірибе жинап жүрген қатысушылар да бар. Әр бала өз дарыны мен қабілетін жеке номинацияда көрсетті.
Амина Хамитова, Павлодар қаласы Ә.Бөкейханов атындағы лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы
Бүгінгі осы Ақберен байқауына мен төртінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Осы төрт жылда тәжірибе жинап, тағы да бақ сынасуға келіп отырмын. Ең басты мақсатым облыстық деңгейден, республикалық кезеңге өту. Солай болсын деп тілеймін. Осы көркем сөз бағытына біз 3 шығарма алып келуіміз керек болды. Мен осы жолы Әбіш Кекілбаевтың «Әке» және «Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос» деген өлеңді және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінен үзіндісін алып келдім. Барша қатысушыларға сәттілік, барлығы жеңіс тұғырынан көрінсін деп тілеймін.
Ал 11 сыныпта оқитын Күнсұлу Алпамыс Екібастұз қаласынан сайысқа қатысу үшін арнайы келді. Ой, сөз жарыстырар сайысқа ол бірнеше жыл қатарынан қатысып жүр екен.
Күнсәуле Алпамыс, Екібастұз қаласы №36 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы
Мен өзім шешендік бірлікті сақтау жөнінде бағытына келдім. Мен осы бағытқа бірінші жыл қатысып отырмын. Алдыңғы жылдары басқа бағыттарға қатысқанмын. Бірақ осы жылы алғаш рет шешендік өнерге қатысамын. Шешендік өнерде бізге белгілі бір тақырып беріледі. Біз оған 2-7 минут ішінде өзіміздің шешендік өнерімізді, сөздік қорымызды көрсетіп, сөйлеп береміз.
Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Білім басқармасының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары табысталады. Ең үздік өнерпаздар 5-8 қараша аралығында Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Айта кетейік, былтыр өңір оқушылары республикалық байқаудан 3 медаль жеңіп алып, үздік команда атанған болатын.
Сабина Жолдаспаева