Тергеу нұсқасы бойынша пайдалы қазбаларды заңсыз өндіріп, 23 миллиард теңге табыс тапқан солтүстік қазақстандық кәсіпкерлерге қатысты резонансты сот ісі Павлодарда жалғасты. Ақырында, алқабилер соты төрт айыпталушыны кінәлі деп танып, оларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды.

2024 жылдың басынан бері жалғасып келе жатқан бұл сот ісі Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов титан-цирконий кенішімен байланысты. Айыпталушылар компанияның негізін қалаушы және оның ұлы, сондай-ақ, адвокаты мен компаниямен істес тағы бір кәсіпкер. Айыптау нұсқасы бойынша, бұл тұлғалар пайдалы қазбаларды өндіру бойынша Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен жасалған келісімшарт бұзылғаннан кейін де, алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз өндіру жұмыстарын жалғастырған. Қытайға және өзге де елдерге өнім заңсыз жолмен экспортталып отырған. 2021 жылдан 2023 жылға дейін заңсыз экспорт көлемі шамамен 113 мың тоннаны құраған.

Құдабай Сұлтанов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың судьясы

Виктор Долгалёвке мүлкін тәркілей отырып, 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Данил Долгалёв қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, мүлкін тәркілеу арқылы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес жаза 4 жыл 9 айға қысқартылсын. Құрманбаевқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сәдуақасовқа да 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Сот, сондай-ақ, жәбірленуші тараптың пайдасына 3 триллион 988 миллиард теңгеден астам материалдық шығынды өндіруге шешім шығарды. Айыпталушылар үшін бұл алқабилердің қатысуымен өткен алғашқы сот емес. 2024 жылдың желтоқсанында Петропавлда алқабилер оларды ақтаған болатын, алайда прокуратура бұл шешімге шағым түсіріп, іс Павлодарда қайта қарауға жіберілді.