Павлодарға еліміздің жетекші ревматологы – профессор Райфа Иванова келді. Оның сапарының мақсаты – емдеу мен диагностиканың сапасын арттыру, тәжірибе алмасу және жас мамандарға қолдау көрсету.

Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты маман, көптеген ғылыми еңбектің авторы Райфа Иванова бүгін облыстық ауруханада болды. Ол аутоиммунды сырқаттары бар ауыр науқастарды қабылдап, жергілікті дәрігерлермен жұмыс тәжірибесін талқылады.

Райфа Иванова, Семей медицина университетінің профессоры, жоғары санаттағы ревматолог

Бұл – ең ауыр науқастар. Мұндай ауру көбіне жастарда кездеседі. Әсіресе бала туу жасындағы әйелдер мен еңбекке қабілетті ерлерге тән. Ревматоидты артрит, Бехтерев ауруы және басқа да диагноздар жиі анықталады. Қазір жүйелі қызыл жегі – ревматологиядағы ең өткір мәселелердің бірі. Аутоиммунды ауруларға ерекше назар аударылып отыр.

Ревматологиялық дерт тек буындарға ғана емес, теріге, бүйрекке және басқа ағзаларға әсер етуі мүмкін. Заманауи ем тәсілдері дамып жатса да, көп науқасқа ұзақ әрі қымбат терапия қажет болады.

Райфа Иванова, Семей медицина университетінің профессоры, жоғары санаттағы ревматолог

Әр дәрі нақты диагнозға қарай белгіленуі керек. Кез келген препараттың жанама әсері болады. Сол әсерді болдырмау маңызды. Медицинадағы басты ұстаным – зиян келтірмеу. Біз емді нәтижелі етіп, қосымша кері әсерсіз жүргізуге тырысамыз.

Профессордың сапары өңірдегі ревматологиялық көмектің сапасын көтеруге әсер етеді. Ол дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ақылбек Бижанов, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық аурухананың ревматология бөлімінің меңгерушісі

Райфа Иванованы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде таниды. Оның медицинада 60 жылдық тәжірибесі бар. Сол жылдардың жартысынан көбі ревматологиямен байланысты. Бұл саланың өрлеген де, тоқырау кезеңдерін көрді. Қазір ол – беделді профессор. Профессор біздің ұсынысымызды қабылдап, келгеніне алғысымды білдіремін.

Жетекші маман облыстық аурухана дәрігерлерімен және жас мамандармен кездесу өткізді. Ревматология саласындағы өзекті тақырыптар бойынша дәріс оқыды.

Сабина Жолдаспаева