Мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айының аяқталуына да бір күн қалды. Он екі айдың сұлтаны болған отыз күн оразадан соң Ораза айт мерекесі басталады. Биылғы жылы бұл мейрам сәуір айының 10-шы жұлдызына келіп тұр.

Жер бетіндегі мұсылмандар қауымы 30 күндік Рамазанды тәмамдап, қадір-қасиеті мол ораза айт мерекесін атап өтеді. Жалпы, Ораза айт мерекесінің шығу тарихы қандай? Бұл туралы Орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб-имамы айтып берді.

Ораза айты - бұл діни мейрам. Ал, мейрам деген сөздің өзі той тойлаумен шектелмесе керек. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған халқымыз қолы қысқа жандарға мейіріммен қараған. Барымен бөліскен, бергенге қанағат жасаған. Сауабы мол ораза айты күндері жұртшылыққа тым құрығанда жылы лебіз бен жақсы сөз сыйласаң, бұл жасаған садақамен тең келеді.

Игі мұсылман жұрты үшін Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының маңызы зор. Бұл айда 6 күндік ораза тұтқан жан мол сауапқа кенеледі.

Айта кетейік, бұл күні жамағат пітір садақларын беріп бітіруі тиіс. Ал, Ораза айт намазы барлық мешіттерде таңғы 7-де оқылады. Дәл осы күнгі ниеттер періштенің құлағына шалынады. Ендеше, ораза айты мүбәрақ болсын!

Қымбат Садық