Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған Ұзату тойдан кейін 30-дан астам адам уланып, медициналық көмекке жүгінген. Жаппай улануға не себеп? Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті тексерісінің нәтижесі қалай? Тілші сюжетінде

Қала тұрғыны Азиза Исабай мен ата-анасы бұл күнге бірнеше ай дайындалды. Отбасылық шараға 150-ге жуық адам шақырған. Қыз ұзату жоғары дейгейде өткенмен, екінші күні қонақтардың іші өтіп, құсып, кейбірінде дене қызуы 40 градусқа көтерілген.

Азиза Исабай, Павлодар қаласының тұрғыны

Барлығы жақсы өтті, адамдар жазады бәрі жақсы өтті деп. 8 маусым күні ояндым, телефон алдым шошып кеттім. Бәрі ауырып жатыр. Мейрамханаға бардым. Онда бір адам отыр. Ештеңе білмейді, ештеңе істей алмайды. Хозяйн жоқ дейді.

Той иесінің сөзінше, улану жеміс-жидек, сусын, тәттілерден болуы мүмкін емес, себебі оны балалар жеген. Ал, уланғандардың арасында бір ғана бала бар, қалғаны ересектер.

Әйгерім Исабаева, Астана қаласының тұрғыны

Таңғы 5 тен бастап дәретханаға жүгіре бастадық, күйеуім екеуміз кезек-кезек. Ішіміз өте бастады. Түсте дене қызуымыз көтерілді. Күйеуімде 40 градусқа дейін жетті, сондықтан жедел жәрдемге жүгіндік. Дәрі жазып, қайтарып жіберді. Жедел жәрдеммен барған кезде, сол жерде туыстарымыз да отыр екен. Дәрігерге қаралуға келген. Кеше түнде тағы да ауырдық, қызу көтерілді. Астанада жұмыстарымыз бар еді, бәрі қалды. Міне әкеміз, алыс–жақыннан келген барлық туыстарымыз ауырып қалды.

Тойға шақырылған 150-ге жуық қонақтың қаншама жоспары бар еді. Бірі жол жүріп, бірі дипломын қорғау керек еді. Бірақ жаппай улану жоспарды бұзды. Тойға арнайы көршілес елдерден келгендер де бар.

Гүлнар Ақылбекова, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Шұғыл түрде мамандармен эпидемияға қарсы шаралар жүзеге асты. Белладжио мейрамханасына ашық тексеріс жүргізілуде. Тойдан салынған сарқыттар алынды, зертханаға жіберілді. Нәтижесінде су, азық түліктен сынама алынды. Алдын ала нәтиже бойынша, мейрамханада санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жоқ болып шықты, рұқсат құжатсыз жұмыс жасаған. Қызметкерлері медициналық тексерістен өтпеген. Мейрамхананың жұмысын тоқтату жөнінде қаулы шықты.

Қаулы шыққанына қарамастан мейрамхана кеше 8-маусымда тағы шара өткізді. Мерекелік думанда кеше болған тағы бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген.

Айдана Жапар , Павлодар қаласының тұрғыны

8 күні 12.33 те маған хабарласып, шараға 1 сағат қалғанда мейрамхананы ауыстырасыздар ма деді. Себебін сұрағанда мейрамхана иелері «бізде мейрамханада мәселе жоқ, қонақтарымыз өздерімен әкелген тамақтардан уланды деді». Біз мәселе жоқ шығар деп, шарамызды өткіздік. Жалпы қонақтар саны 114 адам болды. Енді түнде әпкем, бауырым құсып, қызуы көтерілді. 3 адам ауруханаға жатқызылды. Ал, мен мейрамханаға жазсам, жағдайды тыныш шешейік деп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, науқастарға қойылған диагноз - бактериалдық ішек инфекциясы. 34 адам жедел жәрдем арқылы ауруханаға жүгінген. Сонымен, жалпы инфекциялық ауруханада 20 адам жатыр. Олардың 17-сі 7 маусымда болған тойдан шықса, 3-еуі 8 күні ұйымдастырылған шарадан бірден дәрігерген жүгінген.

Қымбат Қарамолдина, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі

Бүгінгі таңда біздің ауруханаға 17 науқас жатқызылды. Орташа ауырлықта, жалпы олардың саны 28 болатын, 14-і үйлеріне жіберілді. Бүгінгі таңда оларға қойылған диагноз ішек инфекциясы. Әлі қалай анықталған жоқ. Науқастардан арнайы анализдер алынады. 4-5-6 шамасында.

Сонымен, тойдан шыққан қонақтар аурухана жағалап кетеді деп кім ойлаған. Науқастардың емделуіне бір аптадай уақыт керек. Ал, той иелері енді қонақтарының аман есен үйлеріне оралып, кінәлілер жауапқа тартылса екен дейді.

Самал Қалиқызы