Екібастұз қаласында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жартылай марафон өтті. Жарысты «Рейлвэйз Систэмз КЗ» өнеркәсібі ұйымдастырды. Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам әуесқой және кәсіби спортшылар қатысты. Толығырақ марафонда жүгіріп өткен тілшіміз Әйгерім Тоқпанқызының әңгімесінде.

Марафон басталар алдында қатысушылар арнайы дене жаттығуына қатысты. Олар бұлшық еттерін қыздырып, тәнін шынықтырып, жарысқа дайындығын пысықтады. Мұндай қозғалыс сәттері жарысқа тың серпін беріп, жарақаттың алдын алуға көмектесті. Белсенді дайындық спортшылардың көңіл күйін көтеріп, сергектік сыйлады. Бұдан кейін желаяқтар жолаққа тұрып, жүгіруді бастады.

Қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықта өз күштерін сынады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға қажетті жағдай жасалды. Спорттық шарада еліміздің әр өңірінен және шет елден келген меймандар болды.

Бибігүл Иманғалиева, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары

Іс шараның ерекшелігі Қазақстанның түкпір-түкпір қалаларынан ғана емес. Басқа елдерден келіп отыр. Бұл Чили Америкадан келіп отыр. Бағдарламаның бірі деп санаймын.

Қаланың басты көшелерімен өткен марафон тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Жарысқа әр жастағы адамдар қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Екібастұз қаласының тұрғыны Жансая Оспанова 10 шақырымдық қашықтықты алғаш рет жүгіріп өтіп, өз табандылығын көрсетті.

Жансая Оспанова, марафонға қатысушы

Мен 10 км жүгірдім. Алғашқы өмірімдегі 10 км марафоным. Басында оңай болды. Аяғына қарай біраз содан кейін қиындау болды. Бірақ соңына дейін жеттім. 1 забегпен 1 сағат 5 минуттан жүгіріп шықтым.

Ал бірінші орынды жеңіп алған Диана Асауова бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен жарыстарға қатысып, мол тәжірибе жинағанын айтты.

Диана Асауова, марафонға қатысушы

Бұл қалада алғашқы рет болып отырмын. Жарыс керемет өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар алқасына үлкен алғыс айтамын. Бүгін 10 шақырым жүгіріп өттім. Бірінші орын. Жол бәрі тамаша. Көңіл күй тамаша. Барлықтарыңызға денсаулық тілеймін. Спортты қолдаймыз.

Жарыс алаңына блогерлер де қосылды. Марафон – тек жарыс қана емес, ол адамдарды біріктіріп, рухани және физикалық жағынан шынықтыратын үлкен оқиға дейді Иван Червинский.

Иван Червинский, марафонға қатысушы

В марафоне не планировал участвовать. Мен марафонға қатысуды жоспарламаған едім. Бірақ осында түнеп шықтым да, ерекше бір сезім пайда болды, рекордқа деген жігер мені баурап алды. Екібастұз – рекордтар қаласы екен. Мұнда ерекше атмосфера бар сияқты. Балалар да, үлкендер де, жасөспірімдер тіпті тележурналистер де жүгіреді. Сондықтан мен де жүгіруді шештім. Өмір бұл қозғалыс.

Жарыс соңында үздік нәтижеге жеткен спортшылар марапатқа ие болды. Бұл шара қала өміріне жаңаша серпін беріп, тұрғындардың бұқаралық спортқа деген ынтасы мен қызығушылығын арттырды. Бұл халықты бірлікке жұмылдырып, денсаулық пен белсенді өмір салтын насихаттаудың ең тиімді жолы екені анық байқалды.

Әйгерім Тоқпанқызы