Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімші қаласында жүр. Онда өңір басшысы «East Hope Group» компаниясының «Алты алқап» өнеркәсіптік паркіне барды.
Поликремний, графит және электролиттік алюминий өндіру бойынша әлемдік жетекші компаниялардың бірі саналатын «East Hope Group» (EHG) 2010 жылдан бері Гоби шөлінде интеграцияланған төмен көміртекті өнеркәсіптік парктің құрылысын жүргізіп келеді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 12 млрд АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорында 11 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сапар барысында Асайын Байханов «East Hope Group» компаниясының бас директоры Мэн Чанцзюнь мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар Павлодар облысында алюминий өндірісі, көмір және жел электр станцияларын салу, сондай-ақ көмір-химия саласын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Аталған жобаларға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл өз кезегінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ауқымды көмір-химиялық кластердің іске асуы өңірдің экономикалық өсімін еселеп, дайын өнім экспортын ұлғайтуға және барлық деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдерін айтарлықтай көбейтуге ықпал етеді. Айта кетейік, Қытай — өңірдің ең ірі сауда серіктесі. Бүгінде облыстың сыртқы сауда айналымының 54 пайызы Қытай Халық Республикасына тиесілі.