Облысымызда 29 мыңнан астам адамда мүгедектік белгіленген. Мемлекет оларға әлеуметтік кодекс аясында қолдау көрсетеді. Көмек алу үшін қайда жүгінуге болады? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.

Өңірдегі 29 мыңнан аса адамның 87 пайызы – ересектер болса, 13 пайызға жуығы – балалар. Қазақстан Республикасының конституциясымен бірге өткен жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген әлеуметтік кодекс ерекше қажеттіліктері бар жандардың өмір сүру жағдайын жақсартуды көздейді.

АЛМАГҮЛ МҰХАМЕДОВА, ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

Ерекше қажеттілігі бар жандарға қазір 3 жерден төлем беріледі. Олар – мемлекеттік дәрежеде республика бюджеті, әлеуметтік сақтандыру қоры және өмірді сақтандыру компанияларынан сақтандыру төлемдері. Аталған төлемдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар жандарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімдігін арттыру үшін оңалту шаралары барысында курорттық-санаториялық емдеумен, арнайы арба, протездік-ортопедиялық көмек және гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ азаматқа1-ші топ мүгедектігі белгіленсе, ол күтім жасайтын адам көмегіне, ал есту қабілеті бойынша мүгедектік қойылса ым-ишарат тілі маманы көмегіне жүгіне алады. Өзге де қажеттіліктер болса, жағдайға сай көмек алуға құқығы бар

Департаменттің басты міндеттерінің бірі – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғау. Осы мақсатта, облыс аумағында тұрақты түрде тексеру және бақылау жүргізіліп тұрады.

АЛМАГҮЛ МҰХАМЕДОВА, ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

Біз тексерістің екі түрін жүргіземіз. Біріншісі – профилактикалық бақылау, екіншісі – постбақылау. Алғашқысы жоспарға сәйкес іске асады.Мүгедектік белгіленген жандардың құқығы қаншалықты сақталғанын тексеру үшін жоспарлы график жасалады. Одан бөлек, жоспардан тыс тексерулер бар. Ол құқығы бұзылған тұлғаның өтініші бойынша орындалады, 2023 жылы профилактикалық бақылау аясында 70 тексеру жұмысы өтті. Бұзушылық анықталған жерде, айыппұл салынды. Одан мемлекет бюджетіне 2,5 млн теңгеден аса сомма түсті

Арнаулы қызметтің қолжетімдігін арттыру үшін Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында «инватакси» қызметі көрсетілетінін атап өту керек. Ал жеке қажеттілік бойынша көмек және оңалту құралдарын алу үшін әлеуметтік қызметтер порталын пайдалануға болады.

Жұлдыз Қабылденова