«Ұлы дала жорығы 2024» марафон-бәйгесінің үшінші маусымы басталды. Биылғы аламан Павлодар облысынан бастау алып, елордасы Астанада аяқталады. Шара қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды.
Биыл «Ұлы дала жорығы» бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысып, бақ сынап жатыр. Әр өңірдің іріктеу кезеңінен іркілмей өткен үздіктер Павлодар қаласы маңындағы Атамекен елдімекенінен Екібастұзға аттанды. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, сәттілік тіледі.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы біздің дүбірлі додамыз қазақтың рухын көтеруге әсерін беріп отырсын. Құрметті жерлестер, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі ұлттық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Қашан да біздің ұлы даламызда осындай шаралар көп болсын, бәрімізге құтты болсын.
Марафон-бәйге жерлесіміз, академик Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Айта кетейік, 500 шақырымдық марафон-бәйге Павлодар-Астана бағытында өтеді. Командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтуі тиіс.
ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ
Ұлы дала жорығы басталғалы бері әрбір жүрегі қазақ деп соғатын, Сарыарқа да, Алтай мен Атырауда өскен азаматтың үйінде бір-бір аттың пайда болуына өзіндік себебі бар деп ойлаймыз. Болашақта осы жорық біздің ұлттық спортты, оның ішінде этно-туризімді де дамытуға өзіндік ерекше үлесі болады деп ойлаймын.
Ұлы-дала жорығы көшпелі өркениетіміздің тікелей мұрагері саналады. Марафон-бәйге мәдени мұрамызды дамытып, ұлттық рухты нығайтатын жоба екені сөзсіз.
ҚЫМБАТ САДЫҚ, АРМАН ЯКУБОВ, ЕА