«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы аясында 9000 өтініш қабылданған. Өтінімдерді жолдау сәуір айынан басталған. Ал бағдарлама әлі де 30 маусымға дейін жалғасады. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

 «Наурыз» бағдарламасына үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар мен тұрғын үй төлемдерін алушылар қатыса алады. Бағдарлама 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68000 азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Айта кетейік, биыл 12 мың қазақстандық баспаналы болады деп жоспарланған.

АРМАН НҰРҒАЛАМОВ, «ОТБАСЫ БАНК» АЖ-НЫҢ БИЗНЕС ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Қазіргі таңда жаңа бағдарламаға өтінімдер қабылданып жатыр. Құжаттар біздің банктің сайтындағы «Баспана маркет» порталына онлайн түрде жолдауға болады. Құжаттар қажет емес, тек ЭЦП кілті болуы тиіс

Бағдарламаға қатысу үшін отбасы банкінде депозит шоты ашылу керек, бірақ салым мерзімі ескерілмейді. Жинақ шотында кемі 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы тиіс. Сонымен қатар, студенттер де қатысу мүмкіндігіне ие. Олардың стипендиясының мөлшері ескеріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 30 миллион теңгені құрайды.

Сондай-ақ, бір несие аясында азаматтар сатып алатын үйді жөндей алады. Бұған да кредит қарастырылған. Құрылысына арналған қарыз сомасы кредиттің жалпы сомасының 20% - нан аспауға тиіс. Банк өкілдерінің айтуынша, бағдарлама баспана аламын деушілерге үлкен мүмкіндік.

Қымбат Садық