Медицина қызметкерлері күніне орай облыстың үздік деген 40-дан астам маманы түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Алтын скальпель», «Алтын фонендоскоп», «Құрмет» наградалары бар. Сонымен қатар, 38 жаңа санитарлық автокөліктің кілті табысталды.

Облыс орталығында медициналық қызметкерлердің күніне орай салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Алдымен өңір басшысы Асайын Байханов су жаңа 38 санитарлық автокөліктің кілтін табыстады.

Жыл сайын 37 бірлік санитарлық көлікті жаңарту мүмкіндігі беріледі. Биыл тағы 39 автокөлік сатып алуға 819 млн теңге қарастырылып отыр. Келер жылы тағы 30-дан астам санитарлық көлік сатып алынбақ. Олар аудандарға таратылып, кейін шалғайдағы ауыл аймаққа жол тартады.

АЙДЫН КОБАЙДАРОВА, АҚҚУЛЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бүгінгі таңда облыс әкімі 4 көліктің кілті табысталды. Біз оларды Малыбай, Майқарағай, Қарақала, Шарбақты ауылдық округтеріне 4 санитарлық автокөліктің кілттерін табыстайтын боламыз.

Медицина қызметкерлері күні аясында салтанатты шара Естай атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Өңірдің ақ халатты абзал жандарын облыс әкімі құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев ұлт саулығы мемлекетіміздің аса маңызды бағыты деп атап өтті. Тәулік бойы адам өмірін сақтауда еңбек етіп, қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Салтанатты шара барысында өңірдің үздік медицина мамандары Облыс әкімі атынан Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Жұмабиға Амангелдіқызы да бар. Ол №1 қалалық аурухананың нефрология бөлімшесінің меңгерушісі және облыстың штаттан тыс бас нефрологы. Еңбек өтілі 30 жылдан асады. Мереке қарсаңында оған «Алтын фонендоскоп» сыйы табысталды.

ЖҰМАБИҒА КАРИМОВА, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ НЕФРОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Мен студенттік кезімнен сол ауруханада қызме етемін. Интернатурада өттім. Содан бері бүгінгі күнге дейін істеп жатырмын. Мен жүрегімнен әріптестерімді құттықтаймын. Жұмыстары жемісті болсын. Көңілдеріміз осындай ашық болсын.

Өңірдің ақ желенділері еліміздегі үздіктердің қатарында десек қателеспейміз. Облыстың кардиологтары, хирургтары, онколог дәрігерлері сөзсіз ең мықтылар санатында. Осы ретте, жылдар бойы тапжылмай еңбек еткен азаматтардың жұмысын елеп ескеру қашан да маңызды. Мәселен, Нұрлан Қайсарұлы «Алтын скальпель» наградасын иеленді.

НҰРЛАН АХМЕТОВ, №3 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ХИРУРГ ДӘРІГЕРІ

Мен 27 жыл №3 ауруханада хирург дәрігер болып еңбек етіп келемін. Басында бұл жедел жәрдем ауруханасы болды. Қазір №3 қалалық аурухана болып ауысты. 27 жыл бойы осы бір жерде ауыспай қызмет етудемін. Жұмыстан жалығатындай жағдай болмады, себебі өзіме ұнайтын жұмыс болды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жалпы, мерекелік кеште 48-ден астам медициналық қызметкер лайықты марапатына ие болды.

Самал Қалиқызы