Заманауи медициналық технологияның арқасында жүкті әйелдердің мерзімінен бұрын босанудан қорқыныштары сейілген. Заманауи перинаталдық орталықтағы дәрігерлер шала туған нәрестелерге қалай күтім жасайтындарымен бөлісті.

Ота үстелінде жатқан сәби жүктіліктің 28 аптасында дүниеге келген. Оның салмағы екі келіге әрең жетеді. Мерзімінен бұрын босанудың нәтижесінде балада ретинопатия пайда болған.

Биылдың өзінде перинаталдық орталықта 10 балаға ота жасалған. Атқарылған шаралардан кейін сәбилер басқа шала туған нәрестелермен бірге бақылау бөлмесінде болады. Неонатологтар бөбектердің дамуын бір жылға дейін бақылайды. Өйткені, шала туған балалардың өсуі мен дамуы сәл басқаша.

Сарапшылар жас аналарға сәбилеріне қалай дұрыс күтім жасау керектігін көрсетеді. Нәрестелерге арналған массаж, жүзу мен түрлі дамыту жаттығулары үйретіледі. Барлық сабақтар мен пайдалы процедуралар аналар үшін толығымен тегін, өйткені олар МӘМС жүйесінде сақтандырылған.

АЙЖАН НҰРМҰХАН, БАЛАНЫҢ АНАСЫ

Біз балаларымызды емдеп қана қоймай, психологиялық қолдау аламыз. Бақылау бөлімшесінің дәрігерлері бізге үнемі психологиялық көмек көрсетеді. Евгения Николаевна сәби дүниеге келген сәттен-ақ мерзімінен бұрын туған нәрестелер қалыпты құбылыс екенін, шала туған балалардың көпшілігі дені сау, тіпті көрнекті адамдар болып өсетінін үнемі айтып отырады. Қолдаулары бізге болашаққа үлкен үміт сыйлайды

Биыл бақылау бөлімшесіне мерзімінен бұрын туған 172 бала тіркелген. Статистика бойынша жаңа туған нәрестелердің жалпы санының 10 пайызына жуық. Шала туу әлемге тараған көкейтесті мәселе. Соған сәйкес дәрігерлер шақалақтарға сапалы медициналық көмек көрсетуде.

Айзада Сағидолла, Анастасия Ерш