Павлодар облысында көкжөтел бойынша жағдай тұрақсыз болып тұр. Жыл басынан бері өңірімізде 70 адам бұл дертті жұқтырған. Олардың қатарында 1 жасқа толмаған балалар басым.

Көкжөтел ауруы біз ойлағандай жеңіл өтпейді. Биыл елімізде көкжөтелден 3 бала қайтыс болды. Оның алдын алудың бір-ақ жолы бар ол - екпе алу. Алайда кейбір ата-аналар балаларының өміріне бей-жай қарап, вакцина алуға асықпайтын көрінеді.

ЕЛЕНА СУХОНОСЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ

Бүгінгі күнге көкжөтелдің 70 жағдайы тіркелді. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны - 69, 1 ересек адам. 33 пайызы 1 жасқа дейінгі балалар, олар не жасына байланысты, не ата анасының бас тартуына байланысты екпе алмаған. Ауырғандардың көбісі 74 пайызы Павлодар қаласында, қалғаны Тереңкөл, Екібастұз, Ақсу, Павлодар ауданында тіркелді.

Сонымен, көкжөтелге шалдыққан 44 бала екпені ата-анасының бас тарту себебінен алмаған. Ал вакцина алған балаларда жұқпалы ауру жеңіл формада өтеді. Айта кетейік, былтыр осы уақытта көкжөтелдің бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Сондықтан дәрігерлер екпе алуға шақырады.

Самал Қалиқызы