Кәсіби мереке орай Ақтоғай ауданының ақ желеңді абзал жандарының елеулі еңбегі бағаланып, марапаттар табысталды.

Денсаулық – адамның басты байлығы. Жанашырлық пен төзімділік білдіріп, адам өміріне араша болатын медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Осы орайда, кәсіби мерекелері қарсаңында, Ақтоғай ауданы медицина мамандарының да адал еңбегі бағаланды.

ҚАРШЫҒА АРЫНОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Бүгінде ауданымыздың 200-ге жуық адамы өмірін медицина саласымен байланыстырып, халық алғысына бөленіп, осы салада тер төгуде. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе.

Дәмежан Байбосынова денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жұмыс істеген – 43 жыл медбике болып қызмет еткен. Бұл жолы да назардан тыс қалмай, аудан медицинасының дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

ДӘМЕЖАН БАЙБОСЫНОВА, МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

Аудан әкімінен құрмет грамотасын алдым көп жыл жұмыс істегенім үшін. Больницаның ұжымына, қызметкерлеріне табыс тілеймін. Алғысым шексіз біздей зейнеткерлерді ұмытпай, осындай шараларға шақырып отырады. Больницаға келсем, күрделі жөндеулер өтіп жатыр. Оның барлығы – адамдар үшін. Адамдардың денсаулықтары үшін.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары ақ желеңділерді төл мерекемен құттықтап, дәрігерлерге арналған әндерін тарту етті.

 Жұлдыз Қабылденова