Жұмабек Тәшенев атындағы мектеп негізінде «Үлкен үзіліс-2024» жобасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Қай мектеп оқушылары үздік атанғаны туралы – тілші материалда.

 «Үлкен үзіліс» қалалық жобасы биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау қазан айында басталып, оқу жылы бойы жалғасты. Онда барлығы 32 мектептен 747 оқушы бақ сынады.

АҚМАРАЛ МҰХАМЕДЖАНОВА, «ПАВЛОДАР ДАРЫНЫ» БОС УАҚЫТТЫ ҚАМТУ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫҢ ДАРЫНДЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жоба жеті кезеңнен тұрды. Жобаның ережесі бойынша, әр кезеңнен ең аз ұпай жиған мектептер – 4 команда шығып отырды. Сонымен осы бүгінгі салтанатты жабылу рәсімінде 8 мектеп финалға шықты. Ол сегізінен бір мектеп гран-приға ие болады, біреуі бірінші орын алады. Қалғандары екінші және үшінші орындармен марапатталады.

Жобаның жеті кезеңі барысында балалар шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұжымдық ынтымақтастықты арттырды. Спорттық сайыстарға қатысып, театрландырылған қойылып көрсетіп, ән мен биден өнерін ортаға салды.

Байқау қорытындысы бойынша, ақтық кезеңге өткен барлық команда қалалық білім беру бөлімінің дипломы мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал гран-при мен ауыспалы кубокты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебі еншіледі. Сондай-ақ, жеңімпаздарға Баянауыл төңірегіне саяхатқа жолдама табысталды.

Жұлдыз Қабылденова