Биыл 116 818 гектар аумақта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары жүргізіледі. Осылайша, өңделетін аумақ көлемі былтырғымен салыстырғанда 4,8 есе өскен. Улау жұмысы қашан басталады және қалай өтеді? Тілшіміз тарқатсын.
Алдымен республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, 16 865 гектар аумақта жүргізілетін улау жұмыстарыны тоқталсақ. Бұл аумақта италиян шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу шарасы жүреді. Шегірткенің бұл тұқымы Баянауыл, Железин, Павлодар, Тереңкөл аудандарында байқалыпты. Шегірткенің осынау түрінің дернәсілдері жаппай тарауы белең алған соң, мамандар осындай шараға жүгінген.
ЕЛЕНА БЕГИМОВА, ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАУ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биыл Италия шегірткесін улайтын аумақтың өсуі зиянкестердің биологияқ өсіміне байланысты. Жалпы бұл шара алты жылда бір рет өседі. Соңғы рет 2018 жылы жүргізілген. Ол кезде 85 мың гектардан астам аумақ өңделді. Зиякестердің көбеюі соңғы жылдардағы климаттық жағдайларға, яғни, жаз мезгілінің ыстық әрі құрғақ болуына байланысты
Сондай-ақ, саяқ шегіртке дернәсіліне қарсы химиялық өңделетін аумақтың болжамды көлемі 99 853 гектар. Оның 32 мың гектардан астамы мемлекеттік жер қоры. 67 мың гектар ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер. Саяқ шегірткелерді өңдеуге қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.
2017 жылдан бері облысты шегірткелі зиянкестермен, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіп төндіретін өзге ағзалармен күрес жұмыстарын үйлестіру жөніндегі тұрақты штаб жұмыс істейді. Штаб құрамында барлық жергілікті атқарушы органдар, облыстық ТЖД және өсімдіктерді қорғау жөніндегі аумақтық органдар бар.
Жанасыл Серікбол