Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның камералық хор ұжымы гастрольдік сапармен Өскемен қаласына жол тартты. Өнерпаздарды әріптестері сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

Мұндай гастрольдік сапарлар әр өңірмен шығармашылық байланысты арттырып, тәжірибе алмасуға, мәдениеттің музыкалық мұрасы мен жауһарларын дәріптеуге мүмкіндік туғызады. Осы орайда Иса Байзақов атындағы филармония өнерпаздары рок жанрындағы концертті Өскемен қаласына ұсынбақ.

АМАНГЕЛДІ ҚОЖАНОВ, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ

Гастрольдік іс-сапарларға шығып тұруымыз міндетті дүние. Сондықтан бүгінгі күні Өскемен қаласындағы филармония ұжымымен бірлескен ынтымақтастыққа қол қою, шығармашылықпен, тәжірибемен алмасу болып есептеледі

Сапарға шыққан камералық хор ұжымында 40-қа жуық өнерпаз, шығармашылық жетекшілер және «Шернияз» би ансамблі де бар.

Талғамы биік тыңдарман үшін әртістер сақадай сай екендігін айтады.

МАҚСАТ НЫШАНБАЕВ, КАМЕРАЛЫҚ ХОРДЫҢ ӘРТІСІ

Музыка әлемінде жанр көп ғой. Соның ішіндегі ең жұлқымасы, ең драйвтысы сол рок концерт. Сол концертпен Өскеменнің тұрғындарын таңғалдырамыз деген ниетпен шығып жатырмыз

ДАРИНА ТАЛҒАТБЕКОВА, КАМЕРАЛЫҚ ХОРДЫҢ ӘРТІСІ

Ең бірінші сапарымыз емес. Біз Астана, Екібастұз қаласында және басқа да қалаларда өнер көрсеткен болатынбыз. Бүгін біз Өскемен қаласына барайын деп жатырмыз. Әрине қобалжу бар, қалай қарсы алады екен көрермендер деген. Бірақ біз дайынбыз, жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамын

Айта кетейік, сапар барысында екі филармония арасында ынтымақтастыққа қол қойылады. Ал камералық хор әртістері рок жанрындағы концертпен өскемендіктерге рухани демалыс сыйламақ.

Қымбат Садық