Аймақтағы руханияттың қара шаңырағы – Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры көрерменге премьерасын ұсынды. Спектакль-концерт қазақ мәдениетінің төрінен орын алатын компизитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнеріне арналды. Тілшіміз де қойылымды тамашалап қайтты.
Сахнада қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры назарға ұсынылды. Негізгі кейіпкерлер – Шәмші мен оның шабыты. Шабыт композитрдің өміріндегі түрлі кезеңде, қуанышы мен қайғысында жанынан табылады. Ішкі тебіренісінің дүниеге ән болып шығуына әсер етеді. Шәмші Қалдаяқовтың рөлін ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім сомдады
Әртістер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитрдің танымал әндерін шырқады. Барлығы 19 ән орындалды.
Концерттік қойылымның авторы – Нұркен Тұрлыбек. Айтуынша, Шәмші туралы туындыны жазбас бұрын көп ақпарат жинаған. Басты мақсат – сазгердің ішкі дүниесін, болмысын, ойы мен арманын жеткізу.
Шәмші әндерін әр ұрпақ біліп, сүйіп тыңдайды десек, артық болмас. Залдың көрерменге лық толуы, жиналған өнерсүйер қауымның сазгер әндерін қосылып шырқауы – соған дәлел. Ал қойылымды бүгін сағат 18.30-да және 15 маусым сағат 17.00-де тамашалай аласыздар!
Жұлдыз Қабылденова