Бүгін Достық үйінде белгілі ұстаз, қоғам қайраткері, Павлодар облысы мұсылман әйелдер лигасының негізін қалаушы Зара Қабдышқызы Қожахметованы еске алуға арналған «Ұстаз салған дара жол» атты тағылымды іс-шара өтті. Биыл аяулы тұлға 85 жасқа толар еді.

Зара Қабдышқызы – еліміздегі әйелдер қозғалысының көшбасшысы, педагогика саласының ардагері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының «Білім беру ісінің үздігі», «Парасат» орденінің иегері. Ол ұзақ жылдар бойы Абай атындағы қазақ гимназиясында география пәнінің мұғалімі, кейін мектеп директоры болып қызмет етті. Өмірінің әр сәтін бала тәрбиесіне, әйелдердің құқықтарын қорғауға, қоғамның рухани дамуына арнады.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этнобірлестік мүшелері, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің қалалық және аудандық филиалдары, Абай атындағы №10 мектеп-гимназия ұжымы, Зара Қабдышқызының туыстары, сондай-ақ «Ассамблея жастары» қатысты.

Зара Қабдышқызы – Абай мектебінің түлегі әрі осы мектепте бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған ардақты ұстаз. Ол тек Қайдаровтар әулетінің ғана емес, тұтас Павлодар жұртшылығының анасы іспеттес тұлға болды. Іс-шара барысында шәкірттері мен әріптестері Зара апамыздың өнегелі өмірі мен ел есінде сақталған асыл сөздерін тебіреніспен еске алды.

 «Ұстаз салған дара жол» – бұл тек еске алу емес, жас ұрпаққа бағыт, ұлт болашағына өнеге болар іс-шара. Зара Қабдышқызының жүріп өткен өмір жолы мен артында қалдырған рухани мұрасы – өшпейтін із, мәңгілік естелік.

Дильназ Қуанышбекқызы