Павлодарда медиаторлар бас қосты. Онда медиация саласының маңызы мен әдіс-тәсілдері, жұмыс жасау механизмдерін жетілдіру жайлы айтылды. Алдағы материалымызда.

Бас қосудың басты мақсаты – облыстағы медиация институтының қазіргі жағдайы мен даму болашағын талқылау. Бұған қоса, проблемалық мәселелерді анықтау және олардың шешу жолдарын табу. Әрине, түртіп көрсетерлік түйткілдер бар. Мәселен, елімізде медиация институтының енгізілгеніне 13 жылдан асты. Сот процесінің барлық кезеңдеріне енгізілген. Алайда, «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы оны жаңарту қажеттілігіне қарамастан іс жүзінде өзгеріссіз қалып келеді.

САБЫРЖАН ҚАЛМҰХАМБЕТОВ, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР АКАДЕМИЯСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ТӨРАҒАСЫ

Бүгінгі күннің шындығы медиацияға жаңа көзқарас қажет екендігін көрсетіп отыр. Бағытын да аздап өзгерту керек. Қазіргі уақытта медиация әркімнің қалауындағы процедура. Ал, біз кейбір сот ісінде бұны міндеттеу керек деп есептейміз. Бүгін осында ұсынғалы отырған жаңа концепцияның мазмұнын талқылау үшін жиналдық.

Сабыржан Қалммұхаметовтың айтуынша, жаңа концепция ойдан жасалып жатқан жоқ. «Қазақстанда медиацияны дамыту» республикалық жобасы аясында атқарылған бірқатар жұмыстардың қорытындысы негізінде қалыптасуда. Қазақстан бойынша судьялармен, ішкі істер мекемелерінің өкілдерімен және білім саласы қызметкерлерімен кездесіп, талдау барысында бірқатар жаңашылдықтар қажет екендігі анықталған. Сондықтан, Павлодардағы бас қосу өңірдегі проблемаларды анықтауға, медиация саласы мен осыған қатысты мемлекеттік саясатты реттеуді жетілдіру мақсатында медиаторлар қауымдастығы тарапынан бірлескен ұсыныстар түрінде шешімдерді әзірлеуге бағытталған.

Жанасыл Серікбол