Өңірде 15 маусымнан бастап ресми түрде шомылу маусымы басталды. Құтқарушылар Павлодар қаласында Никитина 6 мекен жайында орналасқан құтқару бекетінде сүңгіурлермен бірге Ертіс өзені жағалауына кезекшілікке шықты. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Қазір суға шомылушылар көп. Демек, жазатайым оқиғалардың да қаупі жоғары. Осы ретте мамандар күні түні кезекшілік жүргізіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Бұдан кейін құтқарушылар қайықпен өзен үстімен жүріп, қала тұрғындарына ескерту жасады. Мысалы мына бір топ азаматтар рұқсат берілмеген жерде шомылған. Алғашқыда оларға тек ескертпе ғана жасалды.

Ай басында орнаған аптап ыстыққа байланысты су айдындар жағасын жағалаған бұқараның қарасы қалың. Маусым басталғалы 3 адам суға батып кетті. Су тілсіз жау. Сондықтан құтқарушылар су үстінде абай болуға шақырады.

Облыс бойынша 200-дей көл бар. Биыл 47 жағажай жұмыс істейді. Онда міндетті түрде құтқарушылар қызмет атқарады. Биыл 70 құтқарушы арнайы оқу-жаттығу сабақтарынан өтті.

Қазір жедел құтқару жасағында 100 ге жуық маман еңбек етеді. Олардың барлығы біліктілігі жоғары, кәсіби мамандар. Оқу жаттығу дәрістерін апаттық медицина және құтқару жасағының мамандары жүргізеді. Басты міндеттері шұғыл әрекет етіп, адам өмірін арашалап қалу. Он күн ішінде 20 азамат айыппұл арқалады.

Әйгерім Тоқпанқызы