Бірінші қалалық ауруханада Ұлттық Ғылыми онкология орталығының маманы шеберлік сабағын өткізді. Емделушінің бауырына ота жасады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Шеберлік сабағы бауырды резекциялауға арналды. Бұл – қазір өзекті тақырып, себебі бауыр мен ұйқы безіне ота жасау өңірімізде аса дамымаған.

ЖАНАТ СПАТАЕВ, ҰҒОО ГЕПАТОБИЛИАРЛЫҚ ХИРУРГИЯ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Бауыр хирургиясының дамуын тежейтін бірнеше фактор бар. Ең алдымен – отаның күрделілігі. Екіншіден – арнайы жабдықтың болмауы. Сондай-ақ, тәжірибелі тәлімгерлер керек. Біздің клиниканың мол тәжірибесі бар. Тек бауыр мен ұйқы безі хирургиясымен айналысатын мамандандырылған бөлім жұмыс істейді. Сол тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Жергілікті мамандарға операция жасау барысын, қандай құралдар қолданылатынын көрсетеміз.

Емделушіге қойылған диагноз – бауыр цистаденомасы. Ол – сирек кездесетін қатерсіз ісік.

ЖАНАТ СПАТАЕВ, ҰҒОО ГЕПАТОБИЛИАРЛЫҚ ХИРУРГИЯ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Науқастың бауырында майлы гепотоз бар. Сондықтан резекция көлемі шектеулі. Біздің мақсатымыз –ісіктен құтылу. Қарапайым сөзбен айтқанда, тым көп кессек, бауыр жетіспеушілігі пайда болады» Бауырдағы тамырлар зақымданса, қан кетуге әкеледі. Біз бүгін сирек кездесетін билиарлы цистаденомаға ота жасаймыз. Ісік үлкен қан тамырымен байланысады. Осы тұста мұқият болып, қанның кетуіне жол бермеу қажет. Бұл ауруханада тамырлы хирургия бөлімі бар. Олар хирургтарға осы қиындықтың алдын алуға көмектеседі

Шараның мақсаты – аталған отаны облысымызда жасау. Науқастардың ғылыми орталықтарға барып, кезек күтіп, ақылы кеңес алып уақыт жоғалтпауы тиіс. Тәжірибе жинаған жергілікті мамандар операцияны толығымен Павлодарда өткізуге мүмкіндік алады.

ЕРЛАН ЖАГАПАРОВ, №1 ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ШҰҒЫЛ ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Біз екі жыл көлемінде Ғылыми Орталықтың гепатобилиарлық хирургия бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Алдымен біз Астанаға барып, отаның жасалу барысын бақыладық. Енді операцияны өзіміз жасайтын уақыт келді. Сондықтан бөлім меңгерушісін шақырдық. Шеберлік сабағындағы ота МӘМС шеңберінде тегін жасалды. Науқастар сақтандырылған. Барлық шығын осы сақтандыру арқылы төленеді. МӘМС болмаса, отаның құны – 400 000 теңге. Шығын материалдар одан да қымбат. Ал аппараттың бағасы 90 миллион теңгені құрайды.

Бірінші қалалық емхана мен Ұлттық Ғылыми Онкология Орталығының серіктестігі бұдан әрі жалғасады. Осылайша, павлодарлық дәрігерлер біліктіліктерін шыңдайды.

Жұлдыз Қабылденова