Тереңкөл ауданында алғаш рет «MamanLand» жобасы іске асырылуда. Онда оқушылар әр түрлі кәсіптік мамандық негіздерін үйреніп, уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуде. Лагерь өмірін біздің түсірілім тобы да бақылап қайтты.

Тереңкөл ауданындағы аграрлық-техникалық колледжінің базасында «MamanLand» кәсіптік бағдар беру бағытындағы шатырлы лагері есігін айқара ашты. Бастапқыда лагерь бірінші курс студенттері мен 8-11 сынып оқушыларына арналған еді. Алайда, ол жерге келген балалардың алған әсері мен эмоциялары, пікірлері тез таралып, бүгінде мектептің кіші сынып оқушылары да келуде.

РАШИД ҒАБИДУЛИН, ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНДЫҚ АГРАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БАСШЫСЫ

Лагерь жұмысын бастаған алғашқы күндерден бастап 6-7 сыныптың балалары келе бастады. Оларды үйлеріне кері қайтара алмадық. Сосын оларға арнап бағдарлама жасадық. Қазір барлығы дәнекерлеуші, наубайханашы сияқты кәсіпке бейімделуде

Лагерьге қазір 50 ден астам оқушы тұрақты келіп жүр. Бұнда әсіресе ұлдарды қызықтыратын мамандық түрлері көп. Олар автотренерлерден жеңіл және ауыр көлікті, сондай-ақ, трактор жүргізуді үйренуде.

Ал, жоғары сынып оқушылары дәнекерлеу мамандығының қыр-сырын үйренуде. Бірнеше күннің ішінде алғашқы жұмыстарын аяқтап та үлгерді. Құралдардың да әр түрін меңгерді.

ДАНИИЛ ДРОБОТ, 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

9 – сыныпты аяқтаған соң қандай оқуға түсетінімді анықтадым деуге болады. Осы лагерьге келген соң дәнекерлеуші болатынымды түсіндім. Бүгін шебермен бірге күрек жасадым. Бүгін оны ата-анама апарып көрсетем... мастер его подарил мне

Жігіттер ерлерге арналған мамандықты игерсе, қыздар асханада әр түрлі тағам түрлені жасауды меңгеруде. Салаттың да сан түрін жасауда. Дайындалған жұмысты өздері бағалайды. Ал, колледж мамандары оларға көмектеседі.

Кәсіптік бағдарлау лагерьіне қатысушылар тек мамандық игеріп қана қоймай уақыттарын көңілді өткізуге мүмкіндік бар. Әр түрлі спорттық жарыстар, экскурсиялар, дискотекалар, экологиялық іс-шаралар, шеберлік сабақтары және жұмысшы мамандықтары бойынша конкурстар өткізіледі. Колледж ұжымы лагерьді келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр. Балалар санын арттырып, олардың жатақханада тұру жағдайын да қарастырмақ. Сонымен қатар, балаларға колледжге түсу кезінде артықшылық беретін сертификат та берілмек.

Жанасыл Серікбол, Валентина Леонова