Қыркүйек айында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Онда биыл алғаш рет асық атудан ел құрамасы өнер көрсетпек. Құрама сапында біздің екі жерлесіміз де бар. Толығырақ алдағы материалға кезек берейік.

Түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойыны – этникалық, дәстүрлі, ұлттық спорт ойындарына негізделген. Биыл 5-ші рет өтетін көшпенділер ойынына алғаш рет асық ату спорты енгізіліп отыр. Дәл осы дода түріне қатысуға ұлттық құрама өтініш білдірді. Онда біздің жерлестерімізде қатысады. Байрақты жарыс қыркүйек айында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.

ҚАЛИБЕК ҚУАНҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ АСЫҚ АТУДАН АҒА-ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Көшпенділер ойынына биыл бірінші рет асық ату спорты кіріп отыр. Яғни, бізде тұңғыш рет қатысқалы отырмыз. Әрине бұл құрамаға кіру,осы көшпенділер ойынына қатысу ойымызда болған емес. Бірақ та, осы 2023 жылғы еңбектің нәтижесінде ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері атанып және 6-ыншы Ұлттық фестиваль ойындарын, Қазақстан кубогын жеңіп алдық. Және Әлем, Евразия кубогынан жеңіспен оралып, табысты жетістіктер нәтижесінде ел құрамасына ендік

Айта кетейік, ел құрамасы ересектер мен жастардан құрылған 12 топтан болады. Олар қазір Қырғызстан елінде оқу-жиын жаттығуында дайындықтан өтіп, өзара спортшылар тәжірибе алмасу үстінде. Сондай-ақ, іріктеу кезеңінде үздік өнер көрсеткен павлодарлық спортшылар да кіл мықтылардың қатарында. Олар, енді көшпенділер ойынында ересектер арасындағы асық атудан бәсекеге түседі.

ҚАЛИБЕК ҚУАНҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ АСЫҚ АТУДАН АҒА-ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Нұрланов Жомарт деген спортшымыз Екібастұз қаласының тұрғыны.Яғни, 40-тан асқан ардагер ойыншы болып есептеледі. Дегенмен, жастар арасында әлі дес бермеген мықты мерген деуге болады. Екінші спортшымыз Тереңкөл ауданы, Березовка ауылында мектепте ұстаз болып істейді. Жаздықбай Керім есімді спортшымыз, 1995 жылы дүниеге келген, қазір химия пәнінің мұғалімі. Бірақ та, асық ату спортынан ҚР Спорт шебері

Байрақты бәсекеде спортшылар асық атудың «бес табан» түрінде сайысады. Қазірдің өзінде әлемнің 18 елінен асық ату ойынына қатысуға өтініштер түскен.

ҚАЛИБЕК ҚУАНҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ АСЫҚ АТУДАН АҒА-ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Көшпенділер ойынында қазіргі асық ату деп көпшілікке танылған «бес табан» түрін ойнайды. Бұл дегеніміз ұлдар, ересектер ойнайтын түрі. Және «бес асықты» әйелдер ойнайды. Яғни, бізде қазір асық атудың екі түрі бар, «бес табан» және «бес асық». Сол «бес табан» түрімен Әлем чемпионаты өтетін болады қосымша, Көшпенділер өтетін болады

Кемелденіп келе жатқан көшпенділер ойыны ұлттық құндылықтарды тоғыстырады. Дүбірлі додада жерлестеріміздің асығы алшысынан түсіп, жеңіспен оралуды тілейміз!

Қымбат Садық, Жұлдыз Қабылденова