Павлодар облыстық мәслихаты халықпен жұмыс істеудің тиімді әдісіне көшті. Тұрғындардың мәселесіне жылдам әрекет ету үшін ватсап мессенджерінде шағымдар қабылдай бастады. Бұл билік пен бұқараның арасын жақындатуға бағытталған. Осы арқылы түйткілдерді шешу екі есеге көбейді. Өңірге іс-сапармен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов оң бағалады.

Мәжіліс депутаты алдымен облыстық мәслихаттың жұмысымен танысты. Бұл ретте мәслихатты жаңғырту жұмысы аясында атқарылып жатқан игі істер орта салынды. Мәселен, халықпен қоян қолтық жұмыс істеу үшін 2 гис қосымшасынан тұрғындар өз аумағынан сайланған депутатты біле алады. Біліп ғана қоймай, мәселесін тікелей жеткізуіне мүмкіндік бар. Одан бөлек түйінді түйткілдерді тез шешуге бағытталған «Halyk Tumar» атты қосымша да іске қосылған. Бұл арқылы тұрғындар мәселесін бірден құзырлы органдарға жолдай алады. Ал депутаттардан құрылған бақылау топтары өңірдегі құрылыс нысандарына мониторинг жасайтын болады.

ИЛЬЯ ТЕРЕНЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ

Бақылау топтары арқылы құрылыс саласында резонанс тудыратын түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Біз құрылыс басына депутаттардан бөлек арнайы сарапшы мамандарды да шақырамыз. Олар құрылыстың сапасына баға беретін болады. Бұл біздің жұмысымызды ілгерлетті деп айтсақ болады.

Магеррам Магеррамов мәжіліс пен мәслихаттың бірлесе жұмыс істеуі нәтижелі болатынын тілге тиек етті. Бұл ретте жергілікті депутаттар сайлаушылардың қандай мәселелері барын жақсы білетінін де атап өтті.

МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Мен мәслихатпен бірге қоян қолтық жұмыс істеуді қалаймын. Өйткені, сіздер осы жерде жүргендіктен, мұндағы мәселені де жақсы білесіздер. Кейбір адамдар әлі күнге дейін мәслихат пен мәжілісті шатастырып жатады. Тіпті, елордаға келіп, бір кішігірім мәселені айтады. Ал ол түйткілді жергілікті жерде шешуге де болады. Сондықтан, сіздердің халықпен жұмыс істеу әдістеріңіз ұнады.

Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты құқық қорғау органдарының өкілдерімен, заңгерлер мен судьялармен де кездесті. Шара барысында жаңа қабылданған заңдарды түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізді.

МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Бірінші кезекте біз қабылдаған заңдар қалай орындалып жатыр. Осыған көз жеткізгіміз келді. Екіншіден, қандай заңдарға өзгертулер енгізу керек. Қай мәселені шешуде заңға қайшылық бар ма осыны анықтағымыз келеді. Өйткені, бұл сапарымыздан кейін халықпен кездесу арқылы заңнның солқылдақ тұстарына сараптап, оны жоғары жаққа жеткізетін боламыз. Бұл біздің сайлаушылар алдындағы басты борышымыз. Қазір қылмыстық істерге қатысты заңдарды қайта қарап жатырмыз. Оның ішінде адвокаттар мен жеке сот орындаушылардың қызметін нақтылайтын боламыз.

Ең маңызды заң жобаларының бірі халықтың несиелік жүктемісін азайту, мемлекеттік сатып алуларды қайта реттеу және судьялардың мәртебесін қалыптастыруға бағытталған.

Өзгеріс Қуанар, Ермек Сапаров