КСРО ағарту ісінің үздігі, Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбаевтың құрметіне мемориалды тақта ашылды. Ол өзі сабақ берген, ұстаздық жылдары өткен Егіндібұлақ ауылының орта мектебінің қабырғасына орнатылды. Толығырақ тілші тарқатады.

Өнегелі өмірі, ғибратты ғұмыр жолы көпке үлгі болған Зекебай Солтанбаевқа шәкірті дәл осылай арнау арнады. Салтанатты шара мемориалдық тақтаның ашылуына ұласты. Оны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев пен Егіндібұлақ мектебінің биылғы жылғы алтын белгі иегерлері ашты.

Зекебай Солтанбаев - бар ғұмырын бір білім ордасына арнап, онда 34 жыл еңбек еткен. Сондықтан да, Құрмет тақтасының мектеп қабырғасында ашылуы жас өренге үлгі-өнеге. Айтулы шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары мен ауданның құрметті азаматтары мен ауыл түрғындары қатысты.

Айта кетейік, мемориалды тақтаға Зекебай Солтанбаевтың туыстары Төлеген мен Әмина Алмағамбетовтар әулеті демеушілік етіп, аудан мен облыс бір кісідей қолдау білдірді. Әкемізге құрмет танытқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді отбасы мүшелері.

ЖҰМАТБЕК-МАРҒҰЛАН СОЛТАНБАЕВ, ЗЕКЕБАЙ СОЛТАНБАЕВТЫҢ ҰЛЫ

Бұл тақтаның құрылуына, ашылуына себепкер болған ауыл әкімшілігі, аудан мен облыс әкімшілігіне көптен-көп рахмет. Құрмет тұтып, осылай елге, мына болашақ ұрпақтарға деген үлгі-өсиет, насихат ретінде осыны құрды.

Ал, Күннұр Солтанбай бүгінде атасының ізін жалғап келеді. Мектепті биыл алтын белгіге аяқтаған түлек атасын сағынышпен еске алып, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Оның мақсаты - атасының еңбектерін дәріптеп, сара жолды абыроймен жалғастыру екен.

КҮННҰР СОЛТАНБАЙ, НЕМЕРЕСІ

Атам өте жан-жақты адам болған. Ол кісі өнерді де игерген. Тек ақын-жазушылығына қарамай, музыканың жан-жағын игерген. Ол кісі композитор. Және өте қызықты кездер болатын. Ол кісі шақырып алады, мен ол кезде 4-5 жастағы үйдің кенжесімін. «Әй, Кукан, кел менің аяғымды қысып берші деп жатады,мен аяғын қысып ол кісі ұйықтап қалғанда менде төсектің аяқ жағында ұйықтап қалатынмын.

Зекебай Солтанбаев – ұстаздық жолмен қаламгерлікті қатар ұстаған жан. Оның «Адам», «Айшуақ», «Жыр жаһұт», «Егіндібұлақ вальсі», «Таң атарда» сияқты бірнеше кітаптары жарық көрген. Бүгінде мектеп шәкірттері абзал жанның жыр-шумақтарын жатқа біледі. Солардың бірі көпшілікке «Ана тілі» өлеңінің оқып берді.

Көпшілік қауым әрқашан ардақты асыл ұстазды үлгі тұтары анық. Зекебай Солтанбаев - Баянның бағына туған асыл тұлға. Мұндай жандарға құрмет білдіру әр азаматтың парызы.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНАН