Негізгі Жаңалықтар Бала тәрбиесі – ортақ міндет

Бала тәрбиесі – ортақ міндет

Май ауданы

Неліктен кейбір балалар тұйықталып, ішіндегісін ашық айта алмайды? Қиындыққа тап болған кезде оларға қалай қолдау көрсету керек? Болашағына қатысты шешім қабылдағанда нені ескерген жөн? Осы сұрақтар Май ауданында өткен форумда кеңінен талқыланды. Жиынға ата-аналар, ұстаздар мен сала мамандары қатысып, бала тәрбиесіндегі өзекті тақырыптарды ортаға салды. Кездесудің барысы жайында келесі сюжетті көрейік.


Форум аясында отбасылық құндылықтарды таныстыратын көрме ұйымдастырылып, бала тәрбиесіне арналған кітаптар ұсынылды. Мамандар ата-аналарға жеке кеңес берді. Ал талқылау алаңдарында жасөспірімнің мамандық таңдауына көмектесу, қабілетін дамыту, жетістігін бағалау сияқты мәселелер қозғалды. Қатысушылар баламен тіл табысудың жолдарын да сөз етті. Биыл ұйымдастырушылар форум жұмысын бірнеше бағытқа бөліп, әр тақырыпты жеке талқылауға мүмкіндік жасаған.

Балаға дұрыс тәрбие беру үшін оның орнына шешім қабылдай беру жеткіліксіз. Кейде ата-ананың жақсы ниетпен айтқан сөзі баланың өз таңдауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан форумда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән берілді. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, пікір алмасу арқылы күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды талқылады.

Бала тәрбиесінде ата-ананың көңіл күйі мен мінез-құлқы да маңызды рөл атқарады. Күнделікті тіршіліктегі шаршау мен күйзеліс кейде балаға деген қарым-қатынасқа әсер етеді. Осындай сәттерде сабыр сақтап, баланың әрекетіне бірден баға бермей, оның ойын тыңдай білу қажет. Мамандардың айтуынша, отбасындағы түсіністік ең алдымен үлкендердің өзінен басталады.

Ауданда мұндай форум 4 рет өткізілді. Айтылған пікірлер мен тәжірибелер ата-ана үшін бала тәрбиесінде үнемі ізденіс қажет екенін көрсетті. Себебі баланың бүгінгі таңдауы мен ертеңгі мақсатына отбасының ықпалы зор. Оған өз ойын айтуға мүмкіндік беріп, қажет кезінде бағыт-бағдар көрсету маңызды.


Қымбат Садық


Бөлісу