Негізгі Жаңалықтар Картоп пен сәбіз бағасын тұрақтандыру жөнінде келісім жасалды

Картоп пен сәбіз бағасын тұрақтандыру жөнінде келісім жасалды

Қазақстандықтардың дастарханындағы әрбір үшінші картоп пен сәбіз Павлодар облысында өсіріледі. Яғни өңір көгөніс өндіру бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Өңір басшысы Асайын Байханов диқандарға алғыс айтып, азық-түлік бағасын қолжетімді деңгейде сақтаудың маңызын атап өтті. Осы орайда облыс әкімдігі мен 42 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші картоп пен сәбіздің бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды.



Меморандум 2026-2027 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде картоп пен сәбіздің бағасын тұрақтандыруды көздейді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Біз жыл сайын күзде халыққа қажетті әлеуметтік азық-түлікті, әсіресе өңірімізде өсірілген көкөністерді қорға жинауды дәстүрге айналдырғанбыз. Биылғы маусым қиын өткенімен, ауыл шаруашылығы саласының оңай емес екені белгілі. Жазғы аптап ыстық әсерін тигізді, алайда жағдай – толық бақылауда. Картоп пен сәбіз қорын қалыптастыру жөніндегі дәстүрлі меморандумға қол қойылады.

Биылғы егін жинау науқанында 30,7 мың гектардан 1 млн тоннадан астам картоп, ал 4,5 мың гектардан 150 мың тоннадан аса сәбіз алынды. Диқандар 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбізді қоймаға сақтауға қояды. Халыққа қолжетімді баға ұстау мақсатында әлеуметтік дүкендер, «Жайлау» базары және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде көгөніс бағасы келісіне 100 теңге болады, ал үстемесі 10%-дан аспайды.

Кездесу қатысушылары меморандумды қолдап, өнімдерін ішкі нарыққа жеткізуге әзір екендерін айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамту сынды қолдау шаралары өндіріс шығындарын айтарлықтай қысқартуға септігін тигізетінін атап өтті.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу