Бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту
Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздегі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мәселені де тілге тиек етті. Атап айтқанда, бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін атап өтіп, оларды тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Сол арқылы отандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілетін арттырып, экономикаға пайда әкелуге болады.
Президент 2020-2023 жылдар арасында микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий тиімділігін көрсеткенін және осы тәжірибеге қайта жүгінген жөн екенін айтты. Бұл ретте Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мораторий енгізудің артық және кемшін тұстарын саралап, қаншалықты орынды болатынын талқыға салуды ұсынды. Бұл қадам жоспардан тыс тексерулер мен бақылауларды азайтып, отандық бизнес өкілдерінің бәсекеге қабілетін арттыруға жол ашуы керек.
Бәкіжан Кәкім, жеке кәсіпкер
Осы Жолдауда айтылған, ең басты ұнаған дүниесі – кішігірім бизнес деп жатамыз, енді тәй-тәйлап келе жатқан кәсіпкерлерге шынымен де бұл мараторий қолдау болады деп ойлаймын. «Неге?» десеңіздер, онсыз да қазір тапқан табысыңның он пайызын ұстап қалып жатады, оның үстіне тексерістен-тексеріс, түсініксіз қағаздар – осының барлығына мораторий жариялап алдағы бірнеше жылға, алда бизнестің қалай дамитынын біз бір жағынан, бақылай аламыз, екінші жағынан бұл шынымен де – бизнестің дамуына үлкен қадам, көмек, қолдау мемлекет тарапынан.