Кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігі
Өнеркәсіп орындары халықты жұмыспен қамтып, сұранысқа ие өнім өндіреді. Алайда өндіріс қоршаған ортаға зиян келтірмеуі тиіс. Облысымыздағы зауыттарда зиянды шығарындыларды тазарту және бақылау жүйелері қолданылады. Олар қалай жұмыс істейді? Табиғатқа келетін кері әсерді азайту үшін тағы қандай шаралар қолға алынған? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.
Қазақстан электролиз зауыты – еліміздегі бастапқы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын. Мұнда жылына 260 мың тоннадан астам металл шығарылады. Өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында зауытта қалдық газдарды тазартудың заманауи технологиялары қолданылады.
Антон Солопекин, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджер
«Алюминий өндіру технологиясы ерекше. Мұндағы ерекшелік – қалдық газдарды тазарту процесінде. Шикізаттың өзі, яғни глинозем, адсорбент қызметін атқарады. Ол өндірістен бөлінетін газдарды өзіне сіңіріп, жұтып алады. Қалдық газдар глиноземнен өткеннен кейін, ол алюминий өндіру үшін электролиз процесіне жіберіледі. Ал глиноземге сіңбей қалған газдар газ тазарту қондырғысынан, яғни жеңді сүзгілерден өткізіледі».
Экологиялық бақылаудың тағы бір тетігі – өндірістік шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі. Ол алюминий өндіру барысында бөлінетін газдардың көрсеткіштерін үздіксіз қадағалайды. Мәліметтер нақты уақыт режимінде ұлттық деректер банкіне жіберіледі. Онда шығарындылар көлемі мен белгіленген нормативтердің ықтимал асып кету жағдайлары тіркеледі.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары
«Экология департаменті осы мәліметтердің барлығын онлайн режимде бақылап отырады. Қандай да бір нормадан асып кету жағдайы анықталса, мемлекеттік экологиялық бақылау аясында тиісті шаралар қабылдап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылымыз. Жалпы, облысымызда автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуге міндетті 15 кәсіпорын бар. Бүгінде оның 12-сі жүйені орнатып, мәліметтерді онлайн режимде жіберіп отыр. Ақпаратты уақытылы бермеген жағдайда да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл мәселе департамент пен Экология министрлігінің бақылауында».
Бұдан бөлек, зауыт Павлодар қаласынан 13 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл да экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Кәсіпорынның айналасында санитарлық-қорғау аймағы қарастырылған. Оның құрамына 11 орман белдеуі кіреді. Мұнда 300 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылған. Жасыл желек өндіріс орны мен тұрғын аймақтың арасындағы табиғи қорғаныш қызметін атқарады. Жыл басынан бері облыстық Экология департаментінің мамандары өңір кәсіпорындарына 60-тан астам тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты.
САмал Қалиқызы