МАЭС-2 станциясында 3-ші және 4-ші энергоблок құрылысы қарқын алды
Екібастұз
Екібастұздағы МАЭС-2 стансасында 3-ші және 4-ші энергоблок құрылысы қарқын алды. Бұл жұмыстарға әзірге 500 адам 30-дан аса ауыр техника тартылған, ал, келер жылдан бастап тағы 1500 адам жұмылдырылмақ. Президент жолдауында 2029 жылға дейін қуат өндіру бойынша еліміз тұрақты профицидке қол жеткізуі керек деп тапсырды.
Статистикалық мәліметке қарағанда еліміз 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Оның 50% жуығы Екібастұздың үлесі. О бастан бұл қала еліміздің энергетикалық орталығы болады деп жоспарланған. Мәселен, электр энергиясының қажеттілігі дәуірлеп тұрған қазіргі кезде шаһар айналасындағы стансаларда құрылыс бірден қарқын алды. Қазір МАЭС-2 стансасында 3-ші және 4-ші энергоблок құрылысы қатар жүріп жатыр.
Қазір станса тәулігіне 1000 КВт электр қуатын өндіреді. Жаңа екі блок іске қосылған соң өндіріс көлемі екі есеге ұлғаяды. Әр блоктың қуат күші 550 МВт.
Дастан тобықтынов - МАЭС-2 стансасы басқарма басшысының бірінші орынбасары
3-ші блок 2028 жылдың қыркүйек айында тапсырылады. 4-ші блок 2030 жылы қыркүйек айында іске қосылады. Қазіргі уақытта 500 дей адам жұмыс жатыр. Ешқандай кешігу жоқ. Жұмыс кесте бойынша өтіп жатыр.
Биыл желтоқсанда турбина мен қазандық құрылғылары келеді. Ал, келер жылдың басында нысан құрылысына екі мың адам жұмылдырылады.
Бақтияр әубәкіров - инвестиция тарту бойынша станция директорының орынбасары
Дәл қазіргі уақытта құрылыс монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Іргетасын құйғаннан-ақ металдан жасалған қаңқа құрастырмасы бірге көтеріліп келеді. Әрине күрделі жұмыстар. Бірақ желтоқсан айында негізгі жабдықтарды монтаждауды бастаймыз .
Меже 2035 жылға дейін қуат өндіруді 40% ұлғайту. Бұл Президент Жолдауында айтылған тапсырма. Мемлекет басшысы елімізде көмір, атом және баламалы электр энергиясын қатар дамытуды тапсырған болатын. Бұның бір айғағы Екібастұзда ТМД елдеріндегі ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Нысанның жылдық қуаттылығы 1 ГВт. Одан бөлек 300МВт электр қуатын жинақтау жүйесімен жабдықталады. Бұл Қытаймен бірлесе іске асатын жоба. Кәсіпорын 2029 жылы жұмысын бастайды.
Болат Аманбаев