Негізгі Жаңалықтар Есірткіге қарсы үздік бейнеролик анықталды

Есірткіге қарсы үздік бейнеролик анықталды

Екібастұз

Екібастұзда жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында колледж студенттерімен кездесу өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында студенттерге есірткінің зияны түсіндірілді. Сондай-ақ, есірткіге қарсы бейнероликтер байқауында республикалық деңгейде үшінші орын алған студент Кирилл Кузьменко марапатталды.

Осылай студенттерге есірткі қолданудың зардаптары туралы айтылып, өмірден алынған нақты мысалдар келтірілді. Зиянды әдеттің адам өмірін қалай күйретуі мүмкін екені түсіндірілді. Жиынға қатысушылардың бірі – Кирилл Кузьменко. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған есірткіге қарсы бейнероликтердің республикалық байқауында үшінші орын иеленді. Өз жұмысы үшін Кирилл Ішкі істер министрлігінің алғыс хатын, смарт-сағат пен жасанды интеллект көмегімен бейнеролик жасау бойынша шеберлік сабағына қатысу сертификатын алды.

Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева да студентті құттықтап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Кириллдің ата-анасы да құрметке бөленді. Екібастұз қаласы әкімінің атынан оларға да алғыс хат табысталды.

Жас жігіттің ата-анасының айтуынша, ұлы жасанды интеллект құралдарын өз бетінше меңгерген. Ал бейнеролик түсіру идеясы жинаған білімін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берген.

Қазір Кирилл политехникалық колледжде «Тау-кен жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету механигі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектке деген қызығушылығы да жоғары. Ол жаңа құралдарды өз бетінше меңгеріп, оларды шығармашылық жобаларында қолданады.

Колледж ұжымы, Ұстаздары алдағы уақытта да Кириллдің бастамаларына қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілетін дамытуға көмектеспек.

Самал Қалиқызы


Бөлісу