Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әр айдың он бесі «Ұлттық күн» деп жарияланған. Жоба аясында Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында асық атудан шеберлік сағаты өтті. Павлодар ауданы Мичурин ауылының кітапханашысы мен бір топ бала асық ойынының бірнеше түрін көрсетті.

Мичурин ауылдық кітапханасында 10 жылға жуық уақыт «Мұрагер» клубы жұмыс істейді. Онда балалар кітап оқып қана қоймай, асық ойнап үйренеді. Асық бір жағынан балалардың ойлау қабілетін жетілдіреді, ал екінші жағынан мергендігі, ептілігі мен ширақтығын дамытады.

АЛТЫНАЙ СЕСЕРХАН, МИЧУРИН АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ

Неге кітаппен бірге асықты алып жүрміз? Өйткені асық баланың логикалық ойнау қабілетін дамытады, қазіргі балаларыды өзіміз телефоннан босата алмай жүрміз. Сондықтан балалардың осындай бір мәселесін шешуге кітапхана асық ойнау мастер-класстарын ұйымдастырамыз. Бір айта кетерлігі – балалар асықты кәдімгі қойдың асығымен ойнайды. Ол енді экологиялық таза өнімге жатады.

Шараға асық ату үйірмесінің мүшелері келді. Олар шеберлік сағатына қатысушыларға «алшы түс», «ханталапай», «құс қағып алу» ойындарын көрсетіп, асық атудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

АЙДАНА МАХАМБЕТҚЫЗЫ, «МҰРАГЕР» КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ

Менің асық атумен айналысып жүргеніме екі жыл болды. Бүгін балаларға көрсететін ойынымыздың аты – «құс қағу». Біз анда асықтарды бүйтіп лақтырамыз, оны сосын ұстап алу керекпіз. Сосын құсты қағып ұстаймыз. Асық ойнап маған қатты ұнайды. Хоббиыма айналдырғым келед. Сен ептілікке үйренесің, миыңды жаттықтырасың. Тез үйренесің.

Шеберлік сағатында балалар белсенділік танытты. Жаңа ойын түрлерін үйреніп, бірден достарымен дәлдік пен шеберлік жарыстыруға кірісіп кетті.

АЙЫМ АКСАКОВА, ШЕБЕРЛІК САҒАТЫНА ҚАТЫСУШЫ

Баяғыда мен бес асықты ойнау білдім. Ал қазір мен жаңа түрін ойнауды білдім. Алдымен қолыңды осылай жаясың, 15 асықты алып, кішкене лақтырасың и қолыңа ұстап аласың. Қолыңа бір асықты ұстап алсаң. Лақтырасың да, ұстап алуың керексің. Екі асық ұстасаң, екі асықты лақырып, ұстап алуың керексің. Жалғастырасың.

Бұдан бөлек, шара барысында асық ойынының пайдасы, ережелері мен қауіпсіздік ережелері туралы презентация көрсетілді. Осылайша, жеткіншектер білімдерін толықтырып, асық ойындарының қыр-сырын меңгерді.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА.