Елімізде металлургтер төл мерекелерін атап өтуде. Айтулы күн қарсаңында, Павлодар алюминий зауытына 60 жыл толды. Қос мереке қарсаңында өңір басшысы сала мамандарын құттықтап, бірқатар жандарды марапаттады. Толығырақ салтанатты шараға қатысып қайтқан тілші әңгімесінде.

Металлургия – ел экономикасының күретамыры. Ал облыстағы ең ірі кәсіпорындардың бірі Павлодар алюминий зауыты заман талабына сай дамып, шаһардың көркін келтіре түскені даусыз. Биыл зауыт пен электрастанциясыға 60 жыл толды. Айтулы күнде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып,жүрекжарды лебізін білдірді. өндіріс өрісін өркендеткен үздік мамандарды марапаттады.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір еңбек құрметке лайық болу қажет екенін атап өткен болатын. Сондықтан сіздерге еліміздің дамуына бағытталған ауыр және адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Металлургия саласында қызмет ету үлкен төзімділіктің белгісі. От пен жалынның ортасында жүрген ерекше кәсіп иелері әрқашан ұлт мақтанышы. Мерекелеріңіз құтты болсын.

Бұл күні өндіріс өрісін өркендеткен қарапайым жұмысшы азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды. Айта кетсек, бұл «Құрмет» ордені, 3 дәрежелі «Еңбек даңқы» марапаты. Одан бөлек, өнімді еңбегімен көзге түскен өзге де азаматтар Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін, және облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді.

Тәжірибелі көп жылғы ерен еңбегі еленген жанның бірі Мақсат Арынғазинов. Ол Құрмет орденіне ие болды. Еңбек жолын ферроқорытпа зауытында кран машинисі болып бастаған. Содан бері 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Өндіріс тынысын кеңейту үшін барлық күш-жігерін жұмсап жүрген маман әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.

МАҚСАТ АРЫНҒАЗИНОВ, ҚҰРМЕТ ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

Осы марапатыма ризамын, өте қуаныштымын. Бұған дейін 3 дәрежелі Еңбек даңқын иелендім. Қарапайым жұмысшылардың еңбегін елеп жатқан жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бқл мен үшін үлкен абырой. Ел өнеркәсібінің дамуы үшін еңбек етуді тоқтатпаймыз, одан әрі өз үлесімізді қоса береміз.

III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденің иеленгендердің бірі – Нұржан Жақыпов. Ол Ертіс ауданының тумасы, Қазақстан электролиз зауытында қарапайым жұмыскер, Еңбек өтілі 17 жыл . Жоғары марапатқа ие болған азамат толқып, алғыстан басқа айтарым жоқ деп бөлісті.

НҰРЖАН ЖАҚЫПОВ, III ДӘРЕЖЕЛІ "ЕҢБЕК ДАҢҚЫ" ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

Мен электролиз заводында 17 жыл жұмыс істеймін. Газачистка бөлімінде, қарапайым жұмысшымын. Осы еңбек үшін мемлекеттік марапатты иелендім. Осы салаға мен жастарды шақырамын, завод жұмыс береді. Үлгі болу керек жастарға.

Шыны керек, металлургия саласында еңбек ететін әр адамның қызметі ерлікпен пара-пар десек, қателеспейміз. Ел экономикасын дамыту жолында табанды еңбек етіп жүрген металлургтердің қызметіне табыс тілейміз.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА