Шаһарда су құбырларының жарылу, оларды ауыстыру себебінен ішек инфекциясына шалдыққандар саны артқан. Әсіресе ротовирустық инфекциямен ауырғандар көбейді. Дәрігерлер мұны немен байланыстырады?

Павлодар облысында ішек инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жылда көктем-жаз уақытында ішек инфекциясымен ауырғандар саны артатыны жаңалық емес. Бірақ биыл су арқылы берілетін ротовирус инфекциясы бойынша жағдай көбейді, деді санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінде.

ГҮЛМИРА ҚҰЛМАҒАМБЕТОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Ротовирустық инфекциялар көбінесе су бойынша жұғады. Неге биыл көбейді, біз бұл қаладағы құбырлардың бұзылуымен, оларды ауыстырумен байланысты деп ойлаймыз. Жалпы біздің облыста ауыз су сапасы бақылауда, нормативтік талаптар сақталады. Бірақ соңғы кезде су құбырлары жиі бұзылып, ондағы жұмыстар судың сапасына әсер етеді. Екібастұзда апаттық жағдай орын алды, әлі жұмыстар жүргізілуде. Сәйкесінше онда ротовирустық инфекция көп тіркелуде. Павлодар қаласында да жағдай дәл сондай.

Жыл басынан бері ішек инфекциясының 266 жағдайы тіркелді. Олардың 50 пайызы ротовирустық инфекциялар. Ауырғандардың 80 пайызы балалар, ересектер де ауырады бірақ олар дәрігерге баруға асықпайды. Ротовирустық инфекцияның белгілері басқа инфекцияларға ұқсайды, яғни дене қызуының көтерілуі, іш өтуі, құсу болып саналады.

Самал Қалиқызы