Ардақты елім – Қазақстаным
Ұлттық мереке – Республика күні де жақындап қалды. Осыған орай Достық үйінде «Ардақты елім – Қазақстаным» атты концерт ұйымдастырылды. Толығырақ – келесі сюжетте.
Достық үйінде тіршілік әбден қайнап жатыр. Мұнда балаларға арналған вокал, би, домбыра, жетіген сияқты түрлі үйірмемен қатар, тегін мемлекеттік тіл курсы да жұмыс істейді. Оларға жұртшылықты көбірек тарту үшін әлеуметтік желілер жүргізіледі. Биылғы концерттің басты ерекшелігі желіде барынша көп лайк пен пікір қалдырған оқырманды марапаттау болды.
Концертте негізінен жастар өнер көрсетті. Түрлі этнос өкілі қосылып, халық әндері мен туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлайтын туындыларды орындады.
Түрлі этномәдени бірлестіктің өнерпаздары да ұлттық аспаптарында ойнап, қазақ тілінде әндер шырқады.
Амира Исатай, фин-угор этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы
Бүгін «Туған жер» вокалдық ансамблінің құрамында «Сәлем саған, туған ел!» әнін шырқаймын. Біздің бірлестік 29-дан астам этностың басын біріктіреді, оның ішінде удмурттар, мокшалар, эрзялар, комилер сияқты фин-угор халықтарының түрі көп. Мұнда ұлтқа бөліну жоқ – өзім қазақ болсам да, бұл мәдениетті тану үшін орталыққа келіп тұрамын. Бастысы – мұнда барлығы қазақ, удмурт, фин және орыс тілдерінде еркін ән салады». Төрағамыз – Ольга Леонидовна бізге үнемі «Сендер қазақстанда тұрасыңдар, сондықтан міндетті түрде қазақ тілінде ән айтуларың керек, өзге де ұлттардың әндерін қосымша үйреніңдер», - деп айтады.
Концертті тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Осылайша, этномәдени бірлестік жастары бірліктің үлгісін көрсетіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әрбір азамат үшін ортақ Отан – қасиетті Қазақстан екенін көрсетті.
Жұлдыз Қабылденова