Сабира сағынайды еске алуға арналған волейбол турнирі өтті
Ақсу
Ақсу қаласында журналистика ардагері Сабира Сағынайды еске алуға арналған волейбол турнирі өтті. Оған қаланың құрметті азаматтары БАҚ өкілдері қатысты.
Ақсулықтар алдымен Сабира Сағынайдың еңбегін, өнегелі өмірін еске алды. Еңбекпен бірге туып, осынау асыл қасиетті өміріне ту еткен жанның болмысынан тебіреніске толы естеліктер айтылды. ОЛ өмірінің 40 жылын БАҚ саласына арнады. Осыншама жылдың 27 жылында Ақсу қалалық «Новый путь» газетін басқарды. Сондай-ақ, ол «Ақжол» газетінің негізін қалаған жандардың бірі.
Ризагүл Негманова, ақсу қаласы әкімінің орынбасары
Бұл тек қана спорттық шара емес. Бұл турнир кезінде елге еңбек еткен, артына ізін қалдырған өнегелі адамды еске алу. Ол кісі салып кеткен жолды дамытып, насихаттау. Турнир демушілердің арқасында өтіп жатыр. Үлкен алғыс айтым келеді ол кісілерге.
Сабира Елубайқызы ғұмырында салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, оның газет бетіндегі насихатшысы да болды. Әсіресе динамикалы, эмоцияға бай волейбол спортын өміріне серік етті. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ волейбол командасының капитаны болып, қалалық жарыстарға үнемі қатысып жүрген екен. Оның осынау қырын мәңгі есте сақтау жолында жерлестері мен көзін көрген аға буын өкілдері волейбол турнирін өткізуді жөн көрген.
Отбасы, әріптестері мен көзкөргендер Сабира Елубайқызын нағыз кәсіби маман, әрі айналасындағыларға шынайы ықыласпен қарайтын жан ретінде еске алады. Олар үшін бұл турнир жарқын жанның есімін Ақсу тұрғындарының жүрегінде сақтап, жарқын бейнесін ұмыттырмаудың бір жолы.
Ұйымдастырушылар бұл турнир ізгі дәстүрге айналып, жыл сайын оған қатысатын командалар саны арта түседі деп үміттенеді. Ал Сабира Сағынайдың есімі жақындарының, әріптестерінің және Ақсу тұрғындарының жадында мәңгі сақталып, жарқын бейнесі жүректерінде қала бермек.