Негізгі Жаңалықтар Жұмыс іздегенге мүмкіндік көп

Жұмыс іздегенге мүмкіндік көп

Облыс тұрғындарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға жұмыс берушілермен қатар, еңбек нарығында өз орнын табуға ниетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатысты. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс іздеушілерге мамандығына сай қызмет ұсынып, жұмыс берушілер мен үміткерлер арасындағы байланысты нығайту.


Жәрмеңкеге 30-ға жуық кәсіпорын қатысып, 120-ға тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Таңертеңнен бастап шараға 250-ге жуық жұмыс іздеуші келген. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да бар. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеге қатысушылардың шамамен төрттен бірі жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болған.

Қарлығаш Асаимова, Павлодар қалалық мансап орталығының директоры

Бұл – биыл ұйымдастырылып отырған оныншы жалпы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Негізі, біз айына екі рет жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосатын осындай шаралар өткіземіз. Сонымен қатар ірі кәсіпорындарға өз мамандарын осында жіберіп, бос жұмыс орындары бойынша тікелей кеңес беруге мүмкіндік жасаймыз. Мәселен, «Каустик», «ERG» және «Қазақстан алюминийі» компанияларының өкілдері аптасына екі-үш рет келіп, үміткерлермен жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жәрмеңкелерді де бөлек ұйымдастырамыз. Ал бүгінгі шараға оларды жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып шақырдық. Басты мақсатымыз әр азаматтың денсаулық жағдайы мен мүмкіндігіне сәйкес келетін жұмыс тауып, еңбекке араласуына жағдай жасау.

Жұмыс жәрмеңкелері еңбек жолын енді бастаған жастарға да жол ашады. Соның бір мысалы – бұған дейінгі шаралардың біріне қатысып, мансап орталығынан өзіне қолайлы мүмкіндік тапқан қала тұрғыны. Қазір ол жастар практикасы бағдарламасы аясында тәжірибе жинақтап жүр.

Баян Сеитботтал, Павлодар қаласының тұрғыны

Өткен жәрмеңкеде мансап орталығынан ресепшн көмекшісі қызметіне бос орын ұсынылды. Бұл жұмыс маған қызықты көрінді. Қазір осында жастар практикасы бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп жүрмін. Мұндай жәрмеңкелердің мақсаты – адамның өз мамандығына сай немесе басқа да қолайлы жұмыс тауып, еңбекке араласуына мүмкіндік беру деп ойлаймын.

Жәрмеңкеге студенттерден бастап, ересек азаматтарға дейін қатысады. Биыл жұмыс орындарына орналастыруға арналған квота аясында 203 адам қамтылып, жоспар қазан айының соңына дейін орындалған. Алдағы уақытта оқу орындарын бітіретін жастарға қолдау көрсету жалғасады.


Сабина Жолдаспаева




Бөлісу