Таэквондодан қалалық чемпионат өтті
Спорт- тәртіп пен табандылықтың, күш пен жігердің сыналар алаңы. Павлодарда Республика күніне орай таэквондо спорт түрінен ашық қалалық чемпионат өтті. Жарысқа үш өңірден 216 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Дода «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылды.
Павлодарда өткен чемпионатқа жергілікті спортшылармен қатар, Екібастұз бен Астанадан келген командалар да қатысты. Олар шеберліктерін екі бағытта сынады. Жекпе-жек өнерін көрсетіп, белгіленген қимылдар кешенін орындап, техникасының дәлдігі мен үйлесімділігін танытты.
Жарыс барысында спортшылар жасына, салмағына және белбеу деңгейіне қарай бөлінген санаттарда бақ сынады. Әр белдесу қатысушылардың дайындығын ғана емес, сабырын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін де көрсетті. Ал кейбірі үшін бұл тәжірибе жинап, болашақтағы үлкен жарыстарға дайындалудың мүмкіндігі.
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, кубоктар, грамоталар және алғыс хаттар табысталды. Ал алдағы уақытта үздік қатысушылар облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға іріктеледі.
Сабина Жолдаспаева